«Көне сүйек технологиясы» курсы аяқталды: археологиялық білімге жаңа серпінFarabi University

«Көне сүйек технологиясы» курсы аяқталды: археологиялық білімге жаңа серпін

20 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Көне сүйек технологиясы» тақырыбындағы арнайы курс өз мәресіне жетті. Курсты Льеж университетінің және ZooStan зертханасының (CNRS–ҚазҰУ) қауымдастырылған зерттеушісі, PhD доктор Мальвина Боман жүргізді.

Курс барысында студенттер жануар сүйектерін зооархеологиялық тұрғыдан ажырату әдістерін, олардың анатомиялық ерекшеліктерін және түрлік белгілерін меңгерді. Сонымен қатар, сүйек беттеріндегі өңдеу іздерін — кесу, қыру, тегістеу сияқты әрекеттердің нәтижелерін — трасологиялық әдістер арқылы анықтау жолдары үйретілді.

Практикалық сабақтарда тарих факультетінің 1–4 курс студенттері нақты үлгілермен жұмыс істеп, сүйек материалдарын талдаудың ғылыми тәсілдерін игерді. Бұл тәжірибе археологиялық деректерді интерпретациялауда сүйек құралдарының маңызын түсінуге бағытталған маңызды қадам болды.

Курс Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, археология, антропология және материалдық мәдениет салаларында терең білім алуға ұмтылған жас зерттеушілер үшін құнды академиялық алаңға айналды.