ҚазҰУ-да корей мәдениеті мен гастрономиясына арналған танымдық кездесу өттіFarabi University

ҚазҰУ-да корей мәдениеті мен гастрономиясына арналған танымдық кездесу өтті

28 қараша, 2025

        2025 жылдың 28 қарашасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде ерекше танымдық кездесу өтті. Шараға Шығыстану факультетінің танымал түлегі, «ВиСиЭй» компаниясының директоры Шамшидинова Дина Мұратқызы қатысып, студенттерге көшбасшылық және корей мәдениетінің қазіргі даму үрдістеріне қатысты мазмұнды дәріс оқыды.

       Түлек табысы – студенттерге мотивация

Дина Шамшидинова — Қиыр Шығыс кафедрасындағы корейтану мамандығының алғашқы түлектерінің бірі, Сеул ұлттық университетінің магистрі әрі «GKS» халықаралық стипендиясының иегері. Магистратураны аяқтағаннан кейін ол Кореяның тағам өнімдерін сыртқы нарыққа экспорттайтын компанияда жұмыс істеп, Орталық Азияда корей гастрономиясының танымал болуына елеулі үлес қосқан білікті маман ретінде танылды.

      Корей мәдениетінің жандануы және жастар қызығушылығы

Кездесу барысында спикер қазақстандық жастардың корей мәдениетіне, әсіресе дорамалар арқылы корей асханасына қызығушылығының арту себептерін жан-жақты талдады. Оның пайымдауынша, бұл үрдіс тек гастрономиялық тренд емес, сонымен қатар мәдениетаралық коммуникацияның жаңа деңгейге көтерілуінің айқын белгісі. Дәріс студенттердің жаһандық мәдени ағымдарды түсінуіне және корей мәдени құбылыстарын жаңа қырынан тануына ықпал етті.

Практикалық бөлім: корей тағамдары және фуд-бокстар

Кездесудің практикалық бөлімінде «ВиСиЭй» компаниясының мамандары корей тағамдарының дайындалу технологияларын көрсетіп, студенттерге дәм татқызды. Шара аясында 150 студентке арнайы корей тағамдарынан құралған «фуд-бокс» таратылып, олардың гастрономиялық тәжірибесін толықтырумен бірге жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпарат берілді. Шара Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру стратегиясымен тығыз үйлесім тапты:

ТДМ 2 – Аштықсыз әлем (Zero Hunger):

  Студенттерге фуд-бокстар тарату арқылы тағамға қолжетімділік пен қауіпсіз әрі сапалы өнім тұтыну мәдениеті насихатталды.

ТДМ4 – Сапалы білім:

  Дәріс мазмұны мен практикалық сабақтар студенттердің халықаралық құзыреттіліктерін арттырып, академиялық дайындығын толықтырды.

ТДМ 12 – Жауапты тұтыну және өндіріс:

  Пакеттелген тағамдар арқылы экологиялық тұрғыдан тиімді өндіріс, тағам қауіпсіздігі және ресурстарды үнемдеп пайдалану принциптері ұсынылды.

ТДМ 17 – Тұрақты серіктестік:

  Университет пен оның табысты түлектері арасындағы серіктестік нығайып, білім, мәдениет және тәжірибе алмасу бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылды.

         Іс-шара соңында факультет деканы А.Ә. Бектанов мырза  Дина Мұратқызына алғыс хаты мен гүл шоқтарын табыстап, студенттермен бөліскен білімі мен тәжірибесі үшін ризашылығын білдірді. Танымдық кездесу ҚазҰУ студенттерінің мәдени көкжиегін кеңейтіп, олардың кәсіби бағдарын айқындауға елеулі ықпал етті.