- Басты бет
- Жаңалықтар
- СТАМБУЛ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМЫ АЙНА АСКЕРОГЛУ АРСЛАН ҚАЗҰУ-ДА: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ
СТАМБУЛ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМЫ АЙНА АСКЕРОГЛУ АРСЛАН ҚАЗҰУ-ДА: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ
2025 жылғы 29 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде ғылым мен білім саласындағы маңызды оқиға болды.
Стамбул университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық деңгейде мойындалған ғалым Айна Аскероглу Арслан ресми сапармен келіп, ҚазҰУ профессор-оқытушылар құрамымен ғылыми пікір алмасу жүргізді.
Әлемдік түркология ғылымы мен шығыстану саласына елеулі үлес қосып келе жатқан профессор Аскероглу Арслан – AVID Еуразиялық зерттеулер журналының редакциялық алқа мүшесі, Scopus және Web of Science базаларында жарияланған еңбектердің авторы. Ғалымның ҚазҰУ-ға келуі – факультет үшін ғана емес, Қазақстанның гуманитарлық ғылымдары үшін де стратегиялық маңызы бар ірі ғылыми оқиға.
Кездесу барысында тараптар түркология, тарих, мәдениеттану және дінтану салаларындағы өзекті ғылыми бағыттарды талқылап, бірлескен жобалар мен зерттеулер жүргізу мүмкіндігін саралады. Академиялық ұтқырлық, ғылыми семинарлар, халықаралық іс-шаралар ұйымдастыру – ынтымақтастықтың негізгі бағдарлары ретінде айқындалды.
Профессордың Шығыстану факультеті студенттерімен өткізген дөңгелек үстелі ерекше қызығушылық тудырды. Жас зерттеушілер беделді халықаралық сарапшымен тікелей сұхбаттасып, кәсіби кеңес алып, ғылымға деген қызығушылығын арттырды. Бұл кездесу студенттер үшін ғылымның шынайы ортасына енудің бірегей мүмкіндігі болды.
Сапарының қорытындысында Айна Аскероглу Арслан Түркология және Шығыс елдері тарихы кафедрасында «Тарихи зерттеулердің өзекті мәселелері» атты дәрістер циклын өткізуге келісім берді. Бұл бастама ҚазҰУ студенттері мен жас ғалымдары үшін ғылыми әлеуетті арттыруға және халықаралық білім кеңістігіне шығуға жол ашатын маңызды қадам болмақ.

Сонымен қатар профессор 2026 жылы наурызда Стамбул университетінде өтетін «Қазақстандағы этникалық ұлттар мен қоныс аударушылар» тақырыбындағы халықаралық симпозиумға ҚазҰУ докторанттары мен оқытушыларын баяндама жасауға ресми түрде шақырды. Бұл ұсыныс екі университет арасындағы сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктестіктің тереңдей түскенінің айқын дәлелі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік ғылыми қауымдастықпен байланысын үздіксіз нығайтып, халықаралық деңгейдегі жетекші сарапшылармен белсенді әріптестікті жалғастыруда. Мұндай жоғары деңгейдегі сапарлар университеттің академиялық беделін арттырып қана қоймай, студенттер мен зерттеушілерге кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
А.Халел
А.Т.Кыркымбекова
Басқа жаңалықтар