Бакуде ҚазҰУ жобалары таныстырылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Әзірбайжанның Баку қаласындағы ADA университетінде өткен The Role of Universities in Green Energy and Sustainability халықаралық конференциясына қатысты.
Іс-шара СВМДА жетекші университеттері серіктестік желісінің (CICA Partnership Network of Leading Universities) бастамасымен, ADA университеті, Даму және дипломатия институты (IDD), Әзірбайжан халықаралық даму агенттігі (AIDA) және СВМДА хатшылығының қолдауымен ұйымдастырылды. Конференцияда Әзірбайжан, Қазақстан, Қытай, Үндістан, Корея, Түркия және өзге де 21 елден келген 50-ден астам беделді профессорлар, зерттеушілер мен сарапшылар бас қосты.

Іс-шараның ашылуында ADA университетінің проректоры, Милли Меджлис депутаты, д-р Фариз Исмайылзаде, СВМДА бас хатшысының орынбасары Чжан Лин, сондай-ақ Әзірбайжан сыртқы істер министрінің орынбасары, COP29 бас келіссөз жүргізушісі Ялчин Рафиев сөз сөйлеп, конференцияның маңыздылығына тоқталды.
Конференция барысында университеттердің энергия тиімділігін арттырудағы, жасыл технологияларды енгізудегі, жаңартылатын энергетиканы дамытудағы және тұрақты даму саласындағы инновациялық бастамаларды іске асырудағы стратегиялық рөлі жан-жақты талқыланды. Онда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру университеттердің жаһандық экологиялық күн тәртібіне қосып отырған үлесінің артып келе жатқаны аталып өтті.

ҚазҰУ атынан география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева «The Role of Modern Scientific and Educational HUBs in the Formation of People of a New Formation: on the example of the Al-Farabi Kazakh National University» атты баяндама жасап, халықаралық аудиторияның назарын аударды. Ол өз сөзінде халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің, жасыл технологияларды оқу процесіне үйлестірудің, климаттық тәуекелдерді зерттейтін ғылыми хабтарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Спикер Орталық Азиядағы орнықты даму мәдениетін қалыптастыру, климаттық тәуекелдер бойынша жаңа буын мамандарын даярлауда, сондай-ақ өңірдегі тұрақты дамудың негізгі орталықтары ретінде университеттердің жетекші рөлін ерекше айшықтады.

Қатысушылар тарапынан баяндама жоғары бағаланып, БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудегі ғылыми-білім беру институттарының жаһандық экологиялық күн тәртібіндегі рөлін талқылауға айтарлықтай үлес қосты.
Панельдік сессияда Орталық Азия елдерінің өкілдері жасыл энергетика мен тұрақты дамуды ілгерілетудегі жоғары білімнің ықпалын талқылап, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру тәжірибелерімен бөлісті және өңірлік серіктестікті күшейту мүмкіндіктерін айқындады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бұл халықаралық алаңдағы белсенді қатысуы университеттің ғылыми зерттеулерді кеңейтуге, климаттық тұрақтылық саласындағы инновацияларды дамытуға және жасыл технологияларды алға ілгерілетуге деген берік ұмтылысын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар