ТДМ №4: «БІЗ» студенттік театры «Қызыл орамалды шынарым» қойылымын сахналадыFarabi University

ТДМ №4: «БІЗ» студенттік театры «Қызыл орамалды шынарым» қойылымын сахналады

2 желтоқсан, 2025

Оқу ордамыздың шығармашылық өмірінде ерекше мәдени оқиға өтті. ҚазҰУ АРТ орталығының "БІЗ" студенттік театры көрермен қауымына белгілі драматург, жазушы Шыңғыс Айтматовтың туындысы негізінде дайындалған "Қызыл орамалды шынарым" атты әсерлі қойылымын ұсынып, өнерсүйер жандарды тағылымға толы мазмұнмен және кәсіби деңгейде орындалған актерлік шеберліктерімен тәнті етті.

«Қызыл орамалды шынарым» қойылымы – адамның ішкі жан дүниесінің тереңдігін, өмірдегі әрбір сәттің құндылығын және шынайы махаббат жолындағы күрделі таңдауларды көркем бейнелейтін әсерлі туынды. Қойылым көрерменді жеңіл өткінші қызықтардың соңына түсіп кетпей, қолындағы бар жақсылықты бағалауға үндейді. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген даналықты еске сала отырып, спектакль өмірдің мәнін, уақыттың бағасын және адами сезімдердің қадірін терең сезінуге мүмкіндік береді.

Шығарманың астарлы мазмұны студенттерге өмірдің өткіншілігін ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастырудың, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын айқын көрсетті. Қойылым барлық жастағы көрерменге өз өміріне жаңаша көзқараспен қарап, қазіргі сәттің қадірін түсінуге және маңызды шешімдерді байыппен қабылдауға ой салды.

Қойылым барысында жастардың өмірге, махаббат пен адамгершілікке деген көзқарасы, таңдау жасау сәтіндегі ішкі толғаныстары көркем бейнеленді. Студент-актерлер әр кейіпкердің мінезін, ішкі жан дүниесін терең ашып, көрерменді бірде ойландырып, бірде толғанысқа түсірді. Театр труппасының дайындыққа деген жауапкершілігі мен шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі әр сахналық көріністен анық байқалды.

Іс-шараға университет басшылығы, оқытушылар қауымы, студенттер және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Көрермендер қойылымды жылы қабылдап, жас өнерпаздардың еңбегіне жоғары бағасын берді. Қойылымның сапалы ұйымдастырылуы мен студенттердің белсенді қатысуы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру үдерісіндегі мәдениет пен рухани тәрбиеге айрықша мән беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

"БІЗ" студенттік театры оқу орнымыздағы мәдени-рухани ортаның ажырамас бөлігіне айналып, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Театр ұжымы алдағы уақытта да жаңа қойылымдар әзірлеп, университет қауымына сапалы өнер туындыларын ұсынуды жалғастырмақ.