«Ұлтын оятқан ұлы тұлға» атты дөңгелек үстел
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының профессоры, филос.ғ.д., Н.Ж. Байтенова, филол.ғ.к., доцент М.Р. Балтымова мен 1 курс докторанты Ж.А. Байгараевтың және тарихшы Ш.Х. Бикенованың ұйымдастыруымен Қостанай облысы, Арқалық қаласы Шоқан Уәлиханов атындағы № 1 жалпы білім беретін мектепте ақын, жазушы, қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының көшбасшыларының бірі Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Ұлтын оятқан ұлы тұлға» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің жұмысына Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Бидайық бастауыш мектебінің меңгерушісі Ж.К. Инирбаева, Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Бидайық ауылы, М. Дулатұлы мұражайының ғылыми қызметкері Н.А. Бірманов, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы А.А. Абдуллина, Арқалық қаласы облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайының ғылыми қызметкері Б.Ж. Сағынтай және тарихшылар, өлкетанушылар, мектеп мұғалімдері, жас ғалымдар мен мектеп оқушылары қатысты.
Шараның басты мақсаты – ағартушы, қоғам қайраткері, әдебиетші және публицист М. Дулатұлының тарихи рөлін жан-жақты ғылыми тұрғыда зерделеу және жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық тарихты терең меңгеруге және М. Дулатұлының мұрасын зерттеу бағыттарын кеңейтуге зор мүмкіндіктер береді.

Басқа жаңалықтар