Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Францияда көне түркі топонимдерін зерттеді
Әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінің «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шадкам Зубайда және аға ғылыми қызметкері Тұяқбаев Өмір 2025 жылғы 11–21 қараша аралығында Франция Республикасының Париж қаласында іссапарда болды. Сапар «BR24993043 Қытай және өзге де Шығыс елдері дереккөздеріндегі көне түркі топонимдері – қазіргі түркі интеграциясының түп негіздерінің бірі: тарихи-этимологиялық, лингвистикалық көрінісі» атты ғылыми жоба аясында ұйымдастырылып, негізгі мақсат көне жазба деректерді археографиялық тұрғыда зерттеу мен жобаға қажетті материалдар жинау болды.
Париж қаласының жетекші кітапханалары мен дереккөздер қорын қарастыру барысында ғалымдар жоба тақырыбына қатысты бұрын ғылыми айналымға түспеген материалдарды анықтады. Сонымен қатар табылған дереккөздердегі көне топонимдерге тілтанымдық, тарихи-этимологиялық талдаулар жүргізіліп, ономастикалық атаулардың мағыналық және тарихи өзгерістеріне назар аударылды. Бұл жұмыс түркі халықтарының тарихи географиясын айқындауға мүмкіндік беретін жаңа деректерді жинақтауға жол ашты.

Зерттеу нәтижелері көне карталардағы топонимдердің түркі ареалын анықтауда аса маңызды екенін көрсетті. Ғалымдар тимуридтер кезеңіндегі тарихи шығармаларда бірқатар топонимдердің өзгеріске түскенін, ал парсы тіліндегі өзен мен қала атауларының кейінгі тимуридтік және шибандық деректерде түркіленген нұсқаларының жиі кездесетінін анықтады. Осыған байланысты XV–XVIII ғасырлардағы жазба деректерді жүйелі түрде талдау болашақ зерттеулер үшін негізгі бағыттардың бірі болуға тиіс екені атап өтілді.
Н.Н.Кайранбаева
Басқа жаңалықтар