Студент-дизайнерлер Тәуелсіздік идеясын бейнеледі
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы жыл сайынғы «Тәуелсіздік рухы» студенттік плакаттар көрмесін ұйымдастырды. Шара жас дизайнерлердің ұлттық болмыс пен тәуелсіздік тақырыбын заманауи көзқараспен бейнелейтін шығармашылық алаңына айналды.
Дәстүрлі көрменің ашылуында факультет деканы Қанат Әуесбай тәуелсіздіктің тарихи мәніне тоқталып, жастардың ұлттық құндылықтарды өнер арқылы дәріптеуінің маңызын атап өтті.

«Дизайн» және «Медиадизайн» мамандықтары студенттерінің жұмыстары биыл тың идеяларымен ерекшеленді. Көрме жетекшісі, профессор Жанарбек Берістеновтің айтуынша, авторлық плакаттарда ұлттық символика, тарихи кезеңдер мен қазіргі заман тақырыптары жаңа визуалды тілмен ұсынылған.

Шараны ұйымдастыруға 3-5 курс студенттері бірлесіп атсалысты. Көрмеге шығармашылық орта өкілдері де қатысты. Студенттер өз жұмыстарын таныстырып, шығармашылық шешімдерінің мәнін түсіндірді. Белсенді қатысқан білім алушыларға сертификаттар табысталды.

Журналистика факультетінің 4-курс студенті Төлегенова Аяжан: «Менің жұмысым толығымен Photoshop бағдарламасында жасалды. Плакаттың композициялық шешімінде Қазақ елінің мемлекеттік туы, түркі тарихының маңызды тұлғасы Күлтегін бейнесі және оның жырларынан үзінді қолдандым. Осы элементтер арқылы ұлттық рухты, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті және түркі жұртының терең тарихи тамырын көрерменге жеткізуге тырыстым», – дейді.

Ал 4-курс студенті Айдана Қуатбек өз картинасында қазақ қыздарының сұлулығы мен рухани күшін бейнелеген. «Мен оны жүнді инемен басу техникасымен жасадым. Табиғи материалдар арқылы ұлттық болмысты мейлінше табиғи күйінде жеткізгім келді. Бұл жұмысты бастауға мені қазақ қыздарының ерекше болмысы шабыттандырды. Бұл жұмыс мен үшін жай картина емес, қолыммен «тоқылған» тарих сияқты», – дейді жас дизайнер.

Экспозицияда студенттік жұмыстармен бірге оқытушылардың да туындылары қойылды. Соның ішінде профессор Жанарбек Берістеновтің «Бөрі ана» мүсіні көрермен назарын аударды.

Көрме соңында қатысушылар барлық жұмыстарды тамашалап, пікір алмасып, студенттерге шабыт беретін сындарлы талқылау өтті.










Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар