Студенттердін Қытайдан келген ғалым Күнболат Сүнғатпен кездесуі
2025 жылғы 24 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде Қытай Халық Республикасының Ганьсу университеті саясаттану және құқықтану факультеті өкілдерімен кездесу өтті. Басқосу барысында Қазақстан мен Қытайдың құқықтық жүйелеріне салыстырмалы талдау жасалып, екі ел заңнамасының даму бағыттары сараланды.
Кездесу қонағы – ҚР Азаматтық кодексі мен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін қытай тіліне аудару ісінде тәжірибесі мол маман, халықаралық құқық саласының білгірі Күнболат Сүнғат. Ол қазақ халқының құқықтық мәдениетін тарихи арнада зерттеп, дәстүр мен құқық нормаларының байланысын кешенді түрде қарастырып жүрген ғалым.
Күнболат Сүнғат – қазақ, 1975 жылдың қаңтарында Шыңжаң қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Ганьсу саясаттану және құқық университетінің шетел құқығы мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Қазақстандық әлеуметтік-құқықтық зерттеулер орталығының директоры. Сонымен қатар ежелгі тарих саласының сарапшысы, Ганьсу провинциясындағы этникалық азшылықтарға арналған еңбектердің авторы және Алматыдағы Қонаев университетінің құрметті профессоры болып табылады.
Ол – беделді академиялық журналдарда жарық көрген 20-дан астам ғылыми мақаланың авторы. Оның еңбектері Шыңжаң университетінің, Солтүстік-Батыс университетінің журналдарында, сондай-ақ «Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы орыс зерттеулері» сынды басылымдарда жарияланған.
Ғалымның негізгі зерттеу бағыттары – дәстүрлі қазақ құқықтық мәдениеті мен Қазақстанның қазіргі құқық жүйесі.
Іс-шараны ұйымдастырған – "Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы.
Жауапты тұлға – заң ғылымдарының докторы, профессор Ибраева А. С.
Басқа жаңалықтар