Магистранттар тренингінің студенттердің кәсіби дайындығына әсеріFarabi University

Магистранттар тренингінің студенттердің кәсіби дайындығына әсері

12 желтоқсан, 2025

Қазіргі педагогикалық білім беру жүйесінде теория мен практиканы біріктіру маңызды, әсіресе химия педагогтарын даярлау барысында. Теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастыру студенттердің кәсіби шеберлігін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыдан, 1 курс магистранттары   Қанапия Зарина мен Алпан Фариза  ұйымдастырған тренинг 4 курс студенттерін келесі жылы магистратурада педагогика бағытын таңдауға ынталандыру мақсатында өткізілді.

Тренингтің негізгі мақсаты – студенттердің педагогикалық құзіреттілігін, сыни ойлау қабілетін, шығармашылық және топтық жұмыс дағдыларын дамыту арқылы болашақ педагог ретінде кәсіби шеберлікті жетілдіру болды. Бағдарлама студенттердің белсенділігін арттыруға бағытталған: кіріспе теориялық бөлімнен кейін интерактивті ойындар, практикалық тапсырмалар және топтық талқылаулар өткізілді. Әр кезеңде студенттердің қатысуы белсенді, шығармашылық және аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытуға негізделді.

Тренинг барысында студенттер химия пәнін оқытудың жаңа әдістемелерін меңгеріп, педагогикалық практикалық дағдыларын тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, топтық жұмыстар арқылы олар өзара тәжірибе алмасып, бір-бірінің көзқарасын тыңдауға және ортақ шешім қабылдауға үйренді. Нәтижесінде студенттердің сыни ойлау қабілеті дамып, педагогика саласында өз кәсіби бағытын таңдауға ынтасы артты.

Мұндай тренингтердің маңызы – студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыра отырып, болашақта педагогика саласында сапалы маман болуға дайын болуына мүмкіндік беруінде. 1 курс магистранттарының ұйымдастыруымен өткізілген бұл іс-шара 4 курс студенттерінің магистратурада педагогика бағытын таңдауына септігін тигізіп қана қоймай, олардың кәсіби және әдістемелік құзіреттіліктерін дамытуда да тиімді құрал болып табылады.

Осылайша, тренинг тәжірибесі педагогикалық білім беру процесінде студенттердің кәсіби дамуы мен педагогикалық құзіреттілігін қалыптастыруға арналған маңызды тәжірибе болып саналады. Болашақта мұндай тренингтер студенттердің шығармашылық, сыни ойлау және кәсіби шеберліктерін жетілдіруде тұрақты құрал ретінде қолданылуы мүмкін.

Химия және химиялық технология факультеті

Жалпы және бейорганикалық химия кафедра оқытушылары

доцент., х.ғ.д. Балгышева Б.Д.

доцент, х.ғ.к. Рыскалиева Р.Г.