«Тәуелсіздік – жарқын болашақ кепілі»
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – ел тарихындағы ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі. Бұл күн жыл сайын 16 желтоқсанда аталып өтеді. 1991 жылы дәл осы күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, Қазақстан дербес, егемен мемлекет ретінде әлемге танылды.
Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойғы арманы мен күресінің нәтижесі. Егемендік жылдарында Қазақстан саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Елдің ұлттық рәміздері бекітіліп, төл Конституциясы қабылданды, халықаралық ұйымдарға мүше болып, әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындады. Тәуелсіз Қазақстанда білім, ғылым, мәдениет және жастар саясатына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет жастарды ел болашағының тірегі ретінде танып, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруда.
Тәуелсіздік күні – өткенге тағзым жасап, бүгінгі жетістіктерді бағалап, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін ұлық мереке. Бұл күн әрбір қазақстандықтың жүрегінде елге деген мақтаныш пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Осы орайда 11-желтоқсан 107-108 К ХИ оқу топтарының студенттерінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – жарқын болашақ кепілі» тақырыбында ашық куратор сағаты өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің азаматтық ұстанымын қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін нығайту, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жолындағы тарихи кезеңдер мен жетістіктер туралы білімдерін тереңдету. Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының ішінде 4-мақсат – «Сапалы білім беру» және 16-мақсат – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағыттарына сәйкес келеді.
Куратор сағаты барысында еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени даму жолдары жан-жақты талқыланды. Студенттер Қазақстанның халықаралық аренадағы орны, ұлттық бірегейлік пен тәуелсіз ел болудың маңызы жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, тақырыпқа сай дайындалған бейнематериалдар мен презентациялар ұсынылды.
Ашық куратор сағаты студенттердің тарихи санасын қалыптастыруға, ел тағдырына деген жауапкершілігін арттыруға ықпал еткен тәрбиелік мәні жоғары іс-шара болды.
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті Жақсылықова Г.Ж.
Басқа жаңалықтар