Практикаға бағдарланған оқыту – тиімді әріптестіктің негізі: экономикалық қылмыстарды тергеп – тексеру курсы аяқталдыFarabi University

Практикаға бағдарланған оқыту – тиімді әріптестіктің негізі: экономикалық қылмыстарды тергеп – тексеру курсы аяқталды

18 желтоқсан, 2025

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп – тексеру департаментінде құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдары арасындағы тұрақты ведомствоаралық және салааралық өзара іс-қимылды дамыту аясында жүзеге асырылған «Экономикалық қылмыстарды тергеу» микробіліктілік курсының қорытындысын шығару салтанатты түрде өтті.

Курс бағдарламасы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаржылық-экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласында заманауи кәсіби құзыреттерді қалыптастыру мен дамытуға бағытталды. Бағдарлама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №17. «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» қағидаттарына сәйкес іске асырылып, ғылымның әлеуетін, білім беру ресурстарын және бейінді мемлекеттік органдардың практикалық тәжірибесін біріктіруге мүмкіндік берді.

Оқу барысында тыңдаушылар экономикалық құқық бұзушылықтарды тергеудің теориялық және қолданбалы негіздері, қылмыстарды саралау ерекшеліктері, қаржылық мониторинг тетіктері, қаржылық-шаруашылық схемаларды талдау мәселелері бойынша кешенді білім алып, сондай-ақ Ақпараттық жүйелермен, оның ішінде Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімімен (ЕРДР) жұмыс істеу тәжірибесін меңгерді.

Курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификаттарды тапсыру рәсімі Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп – тексеру департаментінің базасында өтті. Сертификаттарды Алматы қаласы бойынша ЭТТД басшысы, генерал-майор Нұржан Нығметұлы Исмагулов табыстап, тыңдаушылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін, курстың мазмұнының өзектілігін және оның Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздік жүйесін нығайтудағы маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында бағдарламаның ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуін және практикаға бағдарланған мазмұнын қамтамасыз еткен заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамының рөлі ерекше атап өтілді. Жоғары кәсібилігі, курсты іске асыруға белсенді қатысқаны және практикаға бағдарланған заң білімін дамытуға қосқан үлесі үшін ДЭР басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды:

·                      заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Ахатов У.А.;

·                      қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Джансараева Р.Е.;

·                      қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының доценті, PhD Акболатова М.Е.;

·                      қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы Жақыш А.Ж.

Сонымен қатар, университет басшылығының бастамасымен оқу үдерісінің жоғары деңгейін, тиімді үйлестіруді және білім беру бағдарламасының практикалық бағыттылығын қамтамасыз еткен курс лекторлары мен ұйымдастырушыларына алғыс хаттар табысталды.

Курстың аяқталуы университет пен Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп – тексеру департаменті арасындағы нәтижелі әріптестіктің айқын үлгісіне айналып, білікті мамандарды даярлауға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және ел экономикасының тұрақты дамуына бағытталған одан әрі ынтымақтастық үшін берік негіз қалады.