2025 жылдың 11 қыркүйегінде Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасында БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының №4 сапалы білім беру, №11 – Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар, №16 бейбітшілік, әділдік және мықты институттар аясында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Бұл күн – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың тілін құрметтеу, мәдениетаралық келісімді нығайту мен бірлікті дәріптейтін ерекше мереке.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттерге мемлекеттік тілдің мәртебесін ұғындыру, көптілділікті қолдау және Қазақстан халықтарының тілдік байлығын насихаттау болды. Кафедраның белсенді студенттері мен кураторлары қатысқан шара барысында өнер мен білім ұштасқан мазмұнды бағдарлама ұсынылды.
Мерекелік кеш Нығмет Елнұрдың орындауындағы «Адай» күйімен басталды. Күй сарыны қазақ рухының биік мақтанышы мен рухани тереңдігін айқын көрсетті. Одан кейін Абдуали Әлия Қазақстан халқының тілдік байлығы мен мәдени әралуандығы туралы мәнерлеп өлең оқып, көрерменге әсерлі сәт сыйлады.
Жұмабек Санжар гитарамен музыкалық композиция орындап, кештің рухын көтере түсті. Ал Әбдулғазиз Жанерке, Муратбек Асыл және Оразбаева Индира көптілділік пен тіл мәдениетіне қатысты қызықты мәліметтер ұсынып, студенттердің таным көкжиегін кеңейтті.
Кеш барысында Рысқали Рақым ұйымдастырған ойын ерекше әсер қалдырды. Қатысушылар тілге қатысты жұмбақтар шешіп, мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, өз тапқырлығын танытты. Мереке соңында барлық қатысушылар «Бір үйдің баласындай» әнін гитара сүйемелдеуімен бірге орындап, татулық пен бірліктің символын көрсетті.
Бұл шара студенттердің рухани дамуына, тіл мен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ ұлтаралық келісім мен бейбітшілік құндылықтарын насихаттауға бағытталды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: филос.ғ.к., доцент Ашекеева Қ.Н., «Саясаттану» мамандығының 1-курс студенттері
Басқа жаңалықтар