ҚазҰУ-нің магистранты ТМД деңгейіндегі үздік студент атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Биология және биотехнология факультетінің «7М05102-Биомедицина» мамандығының 2-курс магистранты Абдусаттарова Роза Атажанқызы халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атанып, отандық ғылымның мерейін асқақтатты. Розаның білім жолындағы қажырлы еңбегі мен ғылыми ізденістері бүгінде «ТМД ЕЛДЕРІНІҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ» және «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ» атты беделді марапаттармен айшықталып отыр.
Роза Атажанқызы өзінің алғашқы кәсіби білімін Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Биология және сабақтас ғылымдар» бағыты бойынша бастаған болатын. Түркістан төріндегі іргелі оқу орнында алған терең базалық білімі оның болашақ ғалым ретіндегі әлеуетін ашып, биомедицина саласына нық қадам басуына негіз болды.
Қазіргі таңда ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасында магистрлік зерттеулерін жалғастырып, отандық ғылымның жаңа буын өкілі ретінде танылуда.
Жас ғалымның ғылыми бағыты мен жетістіктеріне биология ғылымдарының кандидаты, профессор Аблайханова Нұржанят Татухановнаның қосқан үлесі зор. Тәжірибелі ғалымның жетекшілігімен Роза бүгінгі медициналық білім беру саласы үшін өте өзекті саналатын «Медициналық университетте оқитын шет елдік студенттердің ағзасының реттеушілік және бейімделу мүмкіндіктерін зерттеу» тақырыбында диссертациялық жұмысын жүргізуде.
Зерттеу барысында студенттердің жоғары оқу жүктемесі жағдайындағы психофизиологиялық жай-күйі, олардың ағзасының стресс факторларына төзімділігі мен гомеостазды сақтау механизмдері зерделенеді. Бұл жұмыс медицина саласына оқуға келген шет елдік студенттерінің денсаулығын сақтаудың биомедициналық көрсеткіштерін анықтауға және оқу процесін физиологиялық тұрғыдан оңтайландыруға бағытталған.
2025 жылдың 13 желтоқсанында елордамыз Астана қаласында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында халықаралық деңгейдегі салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Розаның ғылымдағы алғашқы қадамдары халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, ол келесідей жетістіктерге ие болды: «ТМД ҮЗДІК СТУДЕНТІ», «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ» атты арнайы төсбелгісі мен куәлігі; «ТМД ҮЗДІК СТУДЕНТІ», «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ» символикалық статуэткасы; Халықаралық дәрежелі I дәрежелі Диплом; сондай-ақ, жас ғалымның тәрбиесі мен біліміне үлес қосқан ата-анасына Алғыс хат және ғылыми жетекшісіне Диплом берілді.
«Бұл марапат — менің ғана емес, маған білім берген ұстаздарымның, қолдау көрсеткен ата-анамның және ҚазҰУ қара шаңырағының ортақ жеңісі», — дейді Роза Атажанқызы.
Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасы Розаны Астанада алған лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтайды! Ғылым айдынында қанатың талмай, биомедицина саласында жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз!
Басқа жаңалықтар