«Менің мамандығым – криминалист маманы» ТДМ 4 «Сапалы білім» аясында
2025 жылғы 25 желтоқсанда Тұрақты даму мақсаттарының №4 – «Сапалы білім беру» мақсатын іске асыру аясында Алматы қаласы Полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының оқытушылары Шопабаев Б.А., Темірболат Н.С., Даубасов С.Ш. Алматы қаласы Полиция департаментінде, Жедел-криминалистикалық басқарма базасында өткен оқу-тәжірибелік іс-шараға қатысты.
Іс-шараның мақсаты – тәжірибеге бағытталған оқыту арқылы білім беру үдерісінің сапасын арттыру, сондай-ақ полиция бөлімшелерінің қызметімен және жедел-криминалистикалық қамтамасыз етудің заманауи әдістерімен таныстыру болды.
Іс-шара барысында Жедел-криминалистикалық басқарма қызметкерлері криминалистикалық техниканың мүмкіндіктерін көрсетіп, сараптамаларды жүргізу тәртібі, оқиға болған жерді қарау ерекшеліктері, сондай-ақ қылмыстарды ашу мен тергеуде инновациялық және цифрлық технологияларды қолдану мәселелері жөнінде мәлімет берді.
Іс-шараға қатысушылар тәжірибелі мамандармен тікелей тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, қызметтік тәжірибеден алынған нақты мысалдармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай кездесулер кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға, аналитикалық ойлауды дамытуға және сапалы білім алуға деген ынтаны арттыруға ықпал етеді.
Алматы қаласы Полиция департаментінде өткен бұл іс-шара Тұрақты даму мақсаттарының №4-іне қол жеткізу аясында білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды қадам болды.



#SDG #SustainableDevelopment #THEImpact #KazNU #SDG_KazNU #SustainableKazNU SDG4: #SDG4 #QualityEducation