Халықаралық ғылыми тәжірибе алмасу кеңеюдеFarabi University

Халықаралық ғылыми тәжірибе алмасу кеңеюде

26 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай Халық Республикасының Сиань ғылым және технологиялар университетінің делегациясымен кездесу өтті.

Аспанасты елінен келген жетекші ғалымдардың сапары ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу стратегиясын іске асырудағы және серпінді инновациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам.

Іс-шараға Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек, сондай-ақ бейінді орталықтардың басшылары жиналды. Шетелдік тараптан Халықаралық ынтымақтастық және алмасу кеңсесінің директоры Чжан Таовей, Химия және химиялық инженерия колледжі партия комитетінің хатшысы Сяо Ян, профессор Лю Сянжун және басқа да жетекші сарапшылар қатысты.

Әріптестік байланыс ҚазҰУ делегациясының Үрімші қаласына жасаған сапары барысында орнаған болатын.

Кездесуде серіктестіктің нәтижелеріне ерекше назар аударылды. 2024-25 жылдар аралығында екі елдің ғалымдары Scopus және Web of Science халықаралық беделді дерекқорларында жеті бірлескен мақала жариялады. Ғылыми зерттеулер экология мен энергетиканың өзекті мәселелеріне бағытталған. Атап айтқанда төмен сапалы көмірлердің микробиологиялық ыдырауы, қалдықтарды экологиялық таза өңдеу және микробалдырларды көмір қалдықтарымен бірге жағу тұжырымдамасы.

Шараға қатысушылар екі ел университеттерінің ынтымақтастығы «қалдықтан – ресурсқа» қағидатын жүзеге асыруға ықпал етіп, қолданбалы экология саласында практикалық шешімдер ұсынатынын атап өтті.

Тараптар академиялық алмасу бағдарламасын кеңейтіп, қазақстандық ғылымның жаһандық кеңістікке интеграциялануына ықпал ететін жаңа пәнаралық жобаларды іске қосуға ниетті екендерін растады. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі