Д.А. Қонаев атындағы колледж студенттеріне арналған төтенше жағдайларға дайындықты арттыру бойынша тренингFarabi University

Д.А. Қонаев атындағы колледж студенттеріне арналған төтенше жағдайларға дайындықты арттыру бойынша тренинг

22 желтоқсан, 2025

Талғар қаласында ЮНЕСКО тұрақты даму орталығымен бірлесіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысуымен Д.А. Қонаев атындағы колледж студенттеріне арналған оқыту тренингі өткізілді. Іс-шара төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыруға және әрекет ету дағдыларын дамытуға бағытталды.

Тренингке 50-ден астам студент қатысып, Қазақстан аумағына тән табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың ең кең таралған түрлері, сондай-ақ жеке және ұжымдық қауіпсіздіктің негізгі қағидаттары туралы жүйелі мәлімет алды.

Тренингтің мазмұнды бөлігін гидрология, қауіптерді басқару және орнықты даму саласындағы сарапшылар ұсынды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың г.ғ.к., доцент-зерттеушісі Мусина Айнур Каировна Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдайлардың негізгі түрлерін, олардың пайда болу тетіктері мен ықтимал салдарын, сондай-ақ заңнама, инженерлік инфрақұрылым және азаматтық қорғау жүйесі деңгейіндегі әрекет ету және алдын алу шараларын жан-жақты баяндады. Білім беру ұйымдары мен жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудағы және қоғамның қауіптерге осалдығын төмендетудегі рөліне ерекше назар аударылды.

Өткізілген тренинг студенттердің қауіпсіздік саласындағы заманауи қауіп-қатерлер туралы хабардарлығын арттыруға, төтенше жағдайларға ден қоюдың практикалық дағдыларын дамытуға және халықаралық ұйымдар, университеттік қауымдастық пен өңірдің білім беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етті. Іс-шара ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» және ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» мақсаттарын іске асыруға өз үлесін қосты.