ҚазҰУ Венчанг ғарыштық технологиялар форумына қатыстыFarabi University

ҚазҰУ Венчанг ғарыштық технологиялар форумына қатысты

29 желтоқсан, 2025

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Қытай Халық Республикасының Хайнань провинциясындағы Венчанг қаласында өткен аэронавтика және ғарыш саласындағы халықаралық форумға қатысты.

      Университет делегациясын Farabi Supercomputer Center директоры Әмірхан Темірбаев басқарды. Форум аясында ҚазҰУ өкілдері Hainan Satellite Data and Research Center орталығына барып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында жерүсті спутниктік станциясын құруға бағытталған бірлескен жобаны іске асыру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.

      Форум жұмысына Farabi Space орталығының директоры Нұрсұлтан Мейрамбекұлы мен аға ғылыми қызметкер Әсет Бейсен де қатысты. Кездесу барысында тараптар жобаның негізгі техникалық және ұйымдастырушылық қырларын жан-жақты талқылап, жерүсті инфрақұрылымын орналастыру және қолданыстағы спутниктік жүйелермен ықпалдастыру кезеңдерін қамтитын жеделдетілген іске асыру кестесін келісті.

    Хайнань спутниктік деректерді зерттеу және пайдалану орталығының атқарушы директоры Ван Фэнъюй жобаны жедел іске қосуға дайын екенін білдіріп, ҚазҰУ-мен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Өз кезегінде Әмірхан Темірбаев форумға шақырғаны және іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін қабылдаушы тарапқа алғыс білдіріп, оның практикалық бағыттылығы мен халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту тұрғысындағы маңызын ерекше атап өтті.

     Келіссөздер қорытындысы бойынша жобаны іске асырудың нақты мерзімдері көрсетілген ниеттестік хаттамаға қол қойылды. Сонымен қатар тараптар спутниктерді бірлесіп әзірлеу, Жерді қашықтан зондтау, сондай-ақ ғарыштық технологиялар мен спутниктік деректерді өңдеу саласында жоғары білікті кадрларды даярлау бағытындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі