ҚазҰУ-де «Кедейлікті теңдік пен теңсіздік призмасы арқылы қарастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өттіFarabi University

ҚазҰУ-де «Кедейлікті теңдік пен теңсіздік призмасы арқылы қарастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

26 қараша, 2025

 

 

Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасында 26 қарашада «Кедейлікті азайтудағы білім мен ғылымның ролі» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы аясында «Кедейлікті теңдік пен теңсіздік тұрғысынан қарастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш шара БҰҰ Тұрақты дамудың мақсаттарының кедейлікті жою (ТДМ 1) және теңсіздікті төмендету (ТДМ 10) талаптарын іске асыру аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультеті, әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы, әлеуметтанулық зерттеулер және әлеуметтік инжиниринг орталығы ҚазҰУ-PolyU Тұрақты даму орталығымен ұйымдастырылды. 

            Іс-шараның мақсаты – кедейлік мәселесін әлеуметтік теңсіздік, ресурстарға қолжетімділік және мүмкіндіктер теңдігі контексінде талқылап, ғылыми-тәжірибелік ұсыныстарды жинақтау болды.

Дөңгелек үстелдің модераторы әлеум.ғ.д., профессор М.С.Садырова жүргізді, қатысушылар әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушылары мен білім алушылары болды. Бағдарламаға сәйкес әр баяндама тыңдалып, спикерлердің негізгі тұжырымдары бойынша сұрақ-жауап және пікір алмасу ұйымдастырылды. Талқылау барысында қатысушылар кедейліктің тек экономикалық құбылыс емес, сонымен қатар білімге, әлеуметтік қызметтерге, қалалық инфрақұрылымға, мәдени-тілдік капиталға және әлеуметтік мәртебеге байланысты көпөлшемді мәселе екендігін атап өтті.

Іс-шара барысында келесі бағыттар кеңінен қарастырылды:

-     тіл мен коммуникацияның ресурстарға қолжетімділікке ықпалы;

-     көші-қон және әлеуметтік бейімделу;

-     қалалық кеңістіктегі теңсіздік пен мүмкіндіктердің бөлінуі;

-     ауылдық жерден шыққан түлектердің білім алу траекториясындағы кедергілер;

-     кедейліктің алдын алуда әлеуметтік жұмыстың рөлі және тиімді технологиялар;

-     отбасындағы тәуелділік мінез-құлқының балалардың әлеуметтенуіне әсері;

-     Қазақстандағы мүмкіндіктер теңсіздігі көрсеткіштері және кедейлікті аймақаралық/еларалық салыстыру мәселелері.

Қорытынды бөлімде айтылған пікірлер жүйеленіп, кедейліктің себеп-салдарын кешенді бағалау, әлеуметтік саясатты дерекке сүйене отырып жоспарлау, әлеуметтік жұмыста алдын алу және ерте араласу механизмдерін күшейту, сондай-ақ білім мен ресурстарға тең қолжетімділікті арттыру қажеттілігі ерекше атап өтілді.

Дөңгелек үстел қатысушылардың ғылыми және тәжірибелік өзара байланысын нығайтып, кедейлік мәселесін теңдік пен теңсіздік призмасы арқылы түсіндіруге бағытталған ортақ ұстанымдар мен ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

 

 

 

 

Садырова М.С., Арын Д.А.