ҚазҰУ-дың жеті ғалымы байқауда үздік атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жеті ғалымы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығының иегері атанды. Оқу ордасының зерттеушілері Гүлзағира Атаханова, Досбол Байғұнақов, Гүлжаухар Көкебаева, Алмагүл Құрманова, Инеш Кенжина, Александр Рягузов және Ирина Савицкая комиссия шешімімен байқауда үздік деп танылды.
Ағымдағы байқаудың іріктеу нәтижелері бойынша ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары білім беру ұйымдарының және түрлі ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің атынан 50 ғалым лауреат атанды. Соның ішінде ҚазҰУ-дың жеті зерттеушісі үздік деп танылып, 14 пайызды құрады.
Биыл конкурсқа жеті бағыт бойынша 358 өтінім түскен. Олар: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары», «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».
Сыйлық 2024 жылғы 1 шілдедегі №103-VIII ҚРЗ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес тағайындалады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асыратын ғалымдарды қолдаудың жүйелі шараларының бірі болып табылады. Мақсаты – ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми қызметкерлерді ынталандыру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар