- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Алматы» телеарнасындағы «Таңғы студио» бағдарламасы: Әлия Бақтыгереева фейк жаңалықтардың қоғамға әсері туралы
«Алматы» телеарнасындағы «Таңғы студио» бағдарламасы: Әлия Бақтыгереева фейк жаңалықтардың қоғамға әсері туралы
ТДМ-4 «Алматы» телеарнасындағы «Таңғы студио» бағдарламасының эфирінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің докторанты Әлия Бақтыгереева қонақта болды. Бағдарлама барысында жүргізушілер Жан Байжанбаев пен Дарья Александрова фейк жаңалықтардың қоғамға әсері мәселесін талқылады.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте жалған ақпарат пен дезинформацияның кең таралу себептеріне тоқталған Әлия Бақтыгереева әлеуметтік желілер мен ақпаратқа жедел қолжетімділік фейк жаңалықтардың таралуына айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті. Оның айтуынша, жалған ақпараттың қысқа уақыт ішінде таралуы қоғамдық сана мен ақпаратқа деген сенімге қауіп төндіреді.
«Фейк жаңалықтар көбіне расталған деректерге қарағанда жылдам таралады. Бұл олардың эмоциялық әсерінің күшті болуымен байланысты», — деді докторант.
Сонымен қатар Әлия Бақтыгереева Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымында жұмыс істейтін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының азаматтардың шынайы әрі сенімді ақпарат алу құқығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Аталған орталық жалған ақпаратты анықтаумен қатар, қоғамда сыни ойлау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Орталық фейк жаңалықтарға қатысты тұрақты шолулар жүргізіп, ақпараттық манипуляция мысалдарын талдайды және өзекті тақырыптар бойынша сараптамалық түсіндірмелер ұсынады.