Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ» деген атаумен 30 жылдан бері шығатын еліміздегі ықпалды басылымдардың бірі «Turkistan» газетіне берген сұхбатын зор ықыласпен оқып шықтым. Мемлекет басшысының тілшінің Жасанды интеллектінің дамуы туралы қойған сұрағы біздің кәсібімізге тікелей қатысты болды. Халқымыға Жолдауында Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық елге айналдыру қажет деген нақты міндет жүктеген ел Президенті өзінің жаңа жылға арналған құттықтау сөзінде 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бастамасының шын мәнінде табысты боларына сенімді Президент көзделген мақсатқа жету үшін не істелінетінін баяндаған.
Қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалу үшін Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялардың Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатуы халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екенінің куәсі.
«Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ. Сондықтан Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды.
Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды.
Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады.
Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында, жасампаз қуатына сенемін» – деген Мемлекет басшысы білімді де, білікті, бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жатқан біздерге – ұстаздар қауымына да үлкен міндеттер жүктеп отыр.
Болат ӘБЕНОВ,
Механика-математика факультеті деканының
әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары
Басқа жаңалықтар