«Ұлт рухы және тәуелсіздік тарихы»
«Ұлт рухы және тәуелсіздік тарихы»
(Тәуелсіздіктің 34 жылдығына арналған мерекелік шара)
2025 жылдың 8-желтоқсан күні «Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің» Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Козыбакова Ф.А. жетекшілігімен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 34 жылдығына арналған «Ұлт рухы және тәуелсіздік тарихы» атты іс-шара жоғары деңгейде өткізілді. Бүгінгі таңда осындай маңызды шараның қонақтары Қазақстан тарихы кафедрасының профессорлары Ноянов Еділ ағай, Арынов Жұмахан ағай мен бірнеше факультеттің студенттері қатысып, сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті. Желтоқсаншы Еділ ағайымыз өзі көрген оқиғаларды студенттермен бөлісіп, ерекше әсер қалдырды. Мерекелік жиынға университетіміздің механика-математика факультетінің студенттері белсене қатысты.
Бұл конференцияның мақсаты –16 желтоқсан – Қазақстан Тәуелсіздігі күніне орай, елдің егемендікке бастар жолындағы тарихи кезеңдерді терең талдау. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының туындау себептері мен оның ұлттық сананың жаңғыруына тигізген ықпалын саралау. Сонымен бірге, Желтоқсан оқиғасынан кейінгі ұлттық саясаттағы бетбұрыс кезеңдерін қарастыра отырып, қазақ халқының тәуелсіздікке деген тарихи ұмтылысының маңызын көрсету болды.
Іс-шараның ерекшелігі – студенттердің дайындаған тарихи көріністері мен қосымша деректерге негізделген шығармашылық жұмыстары болды. Олар Желтоқсан оқиғасының тағдырлы сәттерін сахналық қойылым арқылы көрсетіп, көрерменге сол уақыттың рухын сезіндіре алды. Сонымен бірге тәуелсіздік жылдарындағы маңызды құжаттар, фотосуреттер, деректер мен куәліктерді қамтыған шағын көрме таныстырылып, студенттер қосымша мәліметтерді баяндай отырып, көрмені жүргізіп шықты.
Бұл конференция тек білім беру мақсатында ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірлік пен рухты, елге деген мақтаныш сезімін оятатын ерекше ортаға айналды. Студенттер өзара пікір алмасып, тәуелсіздіктің қадірін түсіну, тарихи сананы қалыптастыру, ел болашағына жауапкершілікпен қарау сияқты құндылықтардың маңызын сезінді.Конференция соңында факультет басшылары мен профессор-оқытушылар құрамы студенттерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, олардың белсенділігіне ризашылығын білдірді. Белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, шара естелік суреттерге түсумен аяқталды.
«Ұлт рухы және Тәуелсіздік тарихы» атты бұл конференция жастардың жүрегінде тәуелсіздіктің мәнін терең түсіндіретін, елдік рухты асқақтататын ерекше әрі тағылымды күн болып қалды.