Университеттердің халықаралық ұйымдармен әріптестігі Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда стратегиялық маңызға ие. Өйткені мұндай ынтымақтастық ғылыми әлеуетті арттырып, жаһандық білімге қол жеткізуді ауқымдандыра түседі және күрделі әлеуметтік-экономикалық, экологиялық мәселелерді шешуге қажетті құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл әріптестік академиялық мобильділікті дамытуға, тәжірибе алмасуға және ТДМ-ға қол жеткізумен байланысты халықаралық ғылыми зерттеулерге қатысуға мүмкіндік береді, оның ішінде білім сапасын арттыру (ТДМ 4), инновацияларды ынталандыру және инклюзивті экономикалық өсу (ТДМ 8 және 9) бағыты бар.
Әлемдік банк – ТДМ-ға қол жеткізуде елдерге қаржылық, консультативтік және талдамалық қолдау көрсететін жетекші жаһандық институттардың бірі. Банк қызметінің рөлі ұсынылатын ресурстардың ауқымымен ғана емес, сондай-ақ жаһандық даму күн тәртібін қалыптастыру қабілетімен айқындалады. Бұл әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жан-жақты ықпал етеді. Ең алдымен ӘБ – кедейлікті азайтуға, адам капиталын дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және институционалдық ортаны нығайтуға бағытталған жобаларға ұзақ мерзімді қаржы ұсынатын ең ірі көпжақты құрылым. Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық даму ассоциациясы арқылы ӘБ түрлі табыс деңгейіндегі елдерге несие, грант және техникалық көмек көрсетіп, ТДМ 1 (Кедейлікті жою), ТДМ 8 (Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу) және ТДМ 9 (Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым) мақсаттарының орындалуына тікелей ықпал етеді. Әлемдік банктің еларалық диагностикалары, тұрақты даму жөніндегі зерттеулері, мемлекеттік басқаруды бағалау және басқа да талдамалық материалдары ТДМ-мен үйлестірілген ұлттық даму стратегияларын қалыптастырудың негізін құрайды және елдердің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясатындағы басымдықтарды айқындауға көмектеседі. Сонымен қатар ӘБ халықаралық әріптестікті (ТДМ 17) дамытып, ресурстарды жұмылдыруға және цифрландыру, мемлекеттік қаржыны басқару, климаттық саясат және «жасыл» экономика салаларындағы озық тәжірибелерді таратуға ықпал етеді. Осылайша ӘБ-ның көпқырлы тәсілі оны жаһандық деңгейде тұрақты дамудың негізгі катализаторына айналдырып, ұзақ мерзімді экономикалық өсуді, әлеуметтік инклюзивтілікті және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Осы орайда, таяуда Экономика және бизнес жоғары мектебінің Экономика кафедрасы AP23489032 ғылыми жобасы шеңберінде Әлемдік банк экономистерінің қонақ дәрісін ұйымдастырды. Дәрістің тақырыбы «Еуропа және Орталық Азия экономикасы туралы баяндама: жұмыспен қамту және әл-ауқат». Спикерлері: Михаил Локшин – Әлемдік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша Бас экономист басқармасының жетекші экономисі және Иван Торре – осы басқарманың аға экономисі. Дәріс барысында Орталық Азия аймағындағы дамушы экономикаларда тұрақтылықты арттырудың өндіріс пен еңбек өнімділігінің өсуіне, тауарлар мен қызметтер өндірісінің кеңеюіне, сондай-ақ аймақтың өзгеріп жатқан демографиялық жағдайына сәйкес, еңбек нарығын дамытуға бағытталған реформалардың маңыздылығы ерекше аталды. Дәріс өңірдегі еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік әлеуетті кеңейту, еңбек нарығын демографиялық өзгерістерге бейімдеу сияқты мәселелердің шешімінде ғылыми-аналитикалық тәсілдердің қажеттілігін көрсетті. Мұндай нақты деректер мен сараптамалық пікірлерге қол жеткізу университет ғалымдарының зерттеу әлеуетін күшейтіп, ғылыми жобаларды ТДМ-ға сәйкестендіруде маңызды бағдар береді. Әлемдік банкпен әріптестік білім алушыларға әлемдік деңгейдегі сарапшылармен пікір алмасу мүмкіндігін ұсынып, олардың жаһандық экономикалық процестерді түсінуіне, аналитикалық дағдыларын дамытуына және еңбек нарығына дайын болуына ықпал етеді. Осылайша қонақ дәріс университеттің ғылыми-интеллектуалдық әлеуетін арттырып қана қоймай, Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы білім беру және зерттеу миссиясын нығайтады. Халықаралық сарапшылармен байланыс орнату университеттің стратегиялық даму басымдықтарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.
Ғалия ДӘУЛИЕВА,
Экономика кафедрасының
меңгерушісі, профессор
Басқа жаңалықтар