Қытай ЖОО-ларымен тәжірибе алмасу жанданадыFarabi University

Қытай ЖОО-ларымен тәжірибе алмасу жанданады

12 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қытайдың Цинхуа университеті мен Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) делегациясымен кездесу өтті. Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым, білім және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.

Жүздесуде ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігі жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ғылым, білім және технология саласындағы өзара іс-қимыл екі ел арасындағы байланыстарды нығайтатын көпір ғана емес, тұрақты әрі бейбіт болашақ құрудың маңызды құралына айналып отыр. Осы үдерісте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми дипломатияның жетекші алаңы ретінде Қазақстан, Қытай және бүкіл Орталық Азия ғалымдарын, инженерлерін және студенттерін біріктіріп келеді.

Қазіргі таңда ҚазҰУ Қытай Халық Республикасының 94 жоғары оқу орны және ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында Пекин университеті, Цинхуа университеті, Шанхай шет тілдері университеті, Шанхай саясат және құқық университеті, Сиань Цзяотун университеті, Гонконг политехникалық университеті, Ланчжоу университеті, Харбин инженерлік университеті, Харбин технологиялық институты, сондай-ақ Қытай ұлттық ядролық корпорациясы бар. Бүгінде университетте Қытай Халық Республикасынан келген 2018 студент білім алуда.

Кездесуде ҚазҰУ базасында жұмыс істейтін Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының қызметіне ерекше назар аударылды. Филиал командасының, соның ішінде ректор Юэ бастаған ұжымның атқарып отырған жұмысы жоғары бағаланды.

Сондай-ақ жиында Цинхуа университетінің Инженерлік физика кафедрасы деканының орынбасары, TUNEM бағдарламасының директоры Ян Иган бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалардың маңыздылығына тоқталды. Ал Қытай ұлттық ядролық корпорациясы Орталық Азия орталығының директоры Инь Шицзюнь ядролық технологиялар саласындағы ғылыми-өндірістік ынтымақтастық перспективаларын алға тартты.

Кездесу соңында тараптар өзара пікір алмасып, Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары білім, ғылым және инновация салаларындағы серіктестікті одан әрі дамытуға бағытталған нақты қадамдарды кеңінен талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі