Ашық семинар: «Тұрақты даму және ғылым: кітапхананың рөлі мен жарияланымдары»Farabi University

Ашық семинар: «Тұрақты даму және ғылым: кітапхананың рөлі мен жарияланымдары»

11 қаңтар, 2026

2026 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Ғылыми жарияланым – кітапхананың тұрақты дамуға қосқан үлесі: неден бастау керек?» атты ашық семинар өтті. Іс-шараға ұлттық кітапхананың қызметкерлері қатысты.

Семинарды педагогика ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор, ХАА академигі Туенбаева К.Т. жүргізді. Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының қолдауымен ұйымдастырылды. Кафедра кітапхана саласымен тығыз ғылыми және әдістемелік байланыс орнатып келеді.

Семинардың мақсаты – қатысушыларға ғылыми мақаланың құрылымын (IMRaD форматы), халықаралық талаптарын түсіндіру, конференция жинақтарындағы мақалалар мен тезистерден айырмашылықтарын көрсету, сондай-ақ ORCID және DOI сияқты халықаралық ғылыми идентификаторлармен жұмыс істеуді үйрету.

Сонымен қатар, кітапханалар қызметін БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) байланыстыру жолдары талқыланды. Қатысушыларға шаблондар, мысалдар мен әдістемелік материалдар ұсынылды.

Қуантатыны – семинар тек теориямен шектеліп қалған жоқ. Қатысушылар бірден өз ғылыми мақалаларының тұжырымдамаларын анықтап, жазуға кірісуге шешім қабылдады. Олардың ішінде кітапханалық тәжірибе, цифрлық трансформация, құқықтық сауаттылық және ТДМ мәселелері бар. Алдағы уақытта осы идеялар нақты жарияланымдарға айналады деген сенімдеміз.

Жақын күндері қатысушыларға толық әдістемелік материалдар жолданады. Ал біз кітапханашылардың ғылыми белсенділігін арттыру жолында бірлескен жұмысты жалғастырамыз.

Жаңалықтарымызды бақылап отырыңыз және келесі кездесулерге қосылыңыз!

Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ, SDGs) сәйкестігі:

ТДМ 4 — Сапалы білім беру

     Кітапханашылардың біліктілігін арттыру, академиялық сауаттылықты дамыту

ТДМ 9 — Инфрақұрылым, индустрияландыру және инновация

     Ғылыми жарияланым инфрақұрылымын (ORCID, DOI, ашық қолжетімділік) қолдау

ТДМ 16 — Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар

     Ғылыми қызметтің ашықтығы, ақпаратқа қолжетімділік құқығын ілгерілету

ТДМ 17 — Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік

     Кітапханалар, университеттер және ғылыми қауымдастықтар арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастық

Кілт сөздер: тұрақты даму, ғылыми жарияланым, кітапханалар, ғылыми қауымдастық, кәсіби даму 

Кэштегтер: #ҒылымиЖарияланым #ТұрақтыДаму #Кітапханалар #ҒылымжәнеҚоғам #КәсібиДаму