Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – білім мен ғылым ордасы
15 қаңтар – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылған күні. Осы айтулы датаға орай Заң факультетінде профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен мерекелік іс-шара өтті. Факультет ұжымын заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор У.А. Ахатов құттықтап, университет пен факультеттің елдің құқықтық ғылымын дамытудағы ерекше орнына тоқталды. Өз сөзінде ол профессор-оқытушылар құрамына алдағы қызметтеріне табыс тілеп, білім мен ғылым жолындағы еңбектеріне жоғары баға берді.
Мерекелік жиынға кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессор-оқытушылық құрамы толық қатысып, ұйымшылдық пен академиялық бірліктің үлгісін көрсетті. Кафедра меңгерушісі Г.А. Куаналиева әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, университет тарихындағы заң факультетінің рөлі мен кафедра жетістіктеріне ерекше тоқталды.
Іс-шара барысында кафедраның ардагер ұстаздары, профессорлар Д.Л. Байдельдинов пен А.А. Исаев сөз сөйлеп, университеттің қалыптасу жолындағы естеліктерімен бөлісіп, жас буынға ізгі тілектерін арнады.
Мерекелік басқосу университет аумағындағы Farabi Hub инновациялық орталығына ұйымдастырылған кампус-турмен қорытындыланды. Farabi Hub – білім, ғылым және кәсіпкерлікті ұштастыратын заманауи алаң. Бұл орталықта стартап-жобалар дамытылып, ғылыми идеяларды коммерцияландыруға, студенттер мен оқытушылардың шығармашылық әлеуетін арттыруға кең мүмкіндік жасалған. Кампус-тур барысында қатысушылар университеттің инфрақұрылымымен, заманауи оқу-зерттеу кеңістіктерімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрылған күні – тек тарихи дата ғана емес, білім мен ғылымға адал қызмет ететін ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Осындай тағылымды шаралар университет ұжымының бірлігін нығайтып, алдағы асуларға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
