Ұлттық құрылтайдың V отырысыFarabi University

Ұлттық құрылтайдың V отырысы

20 қаңтар, 2026

Құрылтайда Мемлекет басшысы айтқан негізгі тезистер елдегі білім және ғылым саласының болашағына тікелей әсер ететін бірнеше маңызды бағытты айқын көрсетті. Соңғы жылдары жүргізілген конституциялық және институционалдық жаңартулар саяси жүйеге ғана емес, білім кеңістігіне де ұзақмерзімді ықпалын тигізіп жатыр.

2022 жылғы реформалар құқықтық жүйені күшейтіп, азаматтар мен ұйымдардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін кеңейтті. Бұл білім беру және ғылыми мекемелер үшін маңызды фактор, себебі академиялық дербестік пен басқару тұрақтылығы құқықтық кепілдіктерге сүйенеді. Конституциялық соттың құрылуы, әкімшілік процестердің жаңаруы және кассациялық деңгейдің енгізілуі жоғары оқу орындарының мемлекеттік құрылымдармен қарым-қатынасын неғұрлым теңгерімді жүйеге көшіреді.

Саяси жүйедегі плюрализм мен ашықтықтың артуы гуманитарлық ғылымдардың дамуына оң әсерін тигізетінін де байқауға болады. Әртүрлі идеологиялық көзқарастардың өкілдік табуы қоғамдағы пікірталас мәдениетін күшейтіп, философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты салаларда зерттеу шеңберін кеңейтеді. Бұған қоса ұлы ойшылдар мұраларын жүйелі насихаттау туралы айтылған бастамалар гуманитарлық ғылымдардың ұлттық идеяны терең талдап дамытуына тың серпін береді.

Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – цифрландыруды Конституция деңгейінде бекіту. Бұл білім беру технологияларын, цифрлық инфрақұрылымды, ғылыми деректермен жұмыс істеу мәдениетін заңдық тұрғыда жүйелеуге жол ашады. Мұндай қадам жаңа цифрлық пәндер, зерттеу бағыттары, инновациялық жобалар үшін тұрақты құқықтық база қалыптастырады.

Жалпы алғанда, айтылған бастамалар білім және ғылым саласын ел дамуының қосымша бағыты емес, стратегиялық тірегіне айналдыруға бағытталғанын көрсетеді. Егер осы бағыт сақталса, жоғары білім беру мекемелері мен ғылыми орталықтар елдің интеллектуалдық дамуы мен қоғамдық тұрақтылығына ықпал ететін толыққанды институционалдық күшке айналмақ.