“Жібек жолы бойындағы Қытай–Қазақстан арасындағы PT білім беру алмасуы” тақырыбындағы халықаралық онлайн-семинар өттіFarabi University

“Жібек жолы бойындағы Қытай–Қазақстан арасындағы PT білім беру алмасуы” тақырыбындағы халықаралық онлайн-семинар өтті

21 қаңтар, 2026

2026 жылғы 9 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қатысуымен Physics Tournament (PT) Education халықаралық вебинарлар сериясы аясында «Жібек жолы бойындағы Қытай мен Қазақстандағы физика турнирлік білім беру» тақырыбында халықаралық онлайн-семинар өтті. Іс-шара Қытай Халық Республикасындағы Нанькай университеті (Nankai University) базасында ұйымдастырылып, ұйымдастырушы тарап ретінде Нанькай университетінің Физика ғылымдары колледжі жанындағы физикалық білім беруді реформалау бойынша Виртуалды оқу-зерттеу кеңсесі қызмет атқарды.

Семинарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  атынан қауымдастырылған профессор, ф.-м.ғ.к. Туреханова К.М. қатысып, «Қазақстандағы физика бойынша турнирлік білім беру: қазіргі жағдайы, тәжірибесі және өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада Қазақстандағы физика турнирлерінің даму үрдісі, мамандандырылған мектептер мен жоғары оқу орындарының рөлі, зерттеуге негізделген оқыту тәсілдерінің тиімділігі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың маңызы жан-жақты қамтылды.

Семинар бағдарламасы аясында Нанькай университетінің профессоры Ли Чуаньюн (Li Chuanyong) Қытайдағы PT (Physics Tournament) моделінің дамуы жөнінде баяндама жасап, турнирлік әдістемені енгізу тәжірибесі, қатысушылардың зерттеушілік құзыреттерін қалыптастыру тетіктері және университеттік қолдау механизмдері туралы мазмұнды ақпарат ұсынды.

Іс-шара барысында қатысушылар турнирлік білім берудің практикаға бағдарланған үлгілерін, оқушылар мен студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне даярлығын арттыру жолдарын, сондай-ақ студенттік бірлестіктердің турнирлер мен ғылыми дебаттарды ұйымдастыру тәжірибесін талқылады. Сонымен қатар Қытай мен Қазақстандағы PT-білім беруді дамытудың ерекшеліктері, кездесетін қиындықтар және оларды шешудің ықтимал жолдары бойынша пікір алмасу жүргізілді. Талқылауда PT моделінің білім алушылардың ғылымға қызығушылығын арттыруға және зерттеушілік дағдыларын дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.

Семинар қорытындысы бойынша тараптар PT-білім беруді ілгерілету, бірлескен ғылыми-әдістемелік іс-шараларды ұйымдастыру, академиялық алмасуларды дамыту және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту бағытында өзара ықпалдастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.