Алматыда жас инженерлер бас қосып, Satbayev University-де механика және машинатану бойынша VІ халықаралық студенттік олимпиада (SIOMMS-2025) өтті. Бұл маңызды ғылыми-білім беру шарасы кинематика, динамика, механизмдерді жобалау және робототехника салаларындағы мәселелерді шешумен айналысатын техникалық мамандық студенттерін жинады. Олимпиада екі жылда бір рет өткізіледі және бұған дейін Ижевск (Ресей), Шанхай (Қытай), Мадрид (Испания) қалаларында және Папа ғылым академиясында ұйымдастырылған болатын.
Олимпиаданың салтанатты ашылуы машинатану мен робототехника саласындағы жетекші мамандардың қатысуымен өтті. Олардың қатарында техникалық ғылымдар докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті А.Төлешов, техникалық ғылымдар кандидаты, Ижевск мемлекеттік техникалық университетінің доценті Э.Крылов, сондай-ақ Satbayev University проректоры С.Шалабаев және тағы басқа қонақтар болды. Спикерлер инженерлік білім беру саласындағы халықаралық жарыстардың маңызын атап өтіп, мұндай олимпиадалар студенттерге тәжірибе алмасуға, білім деңгейлерін көрсетуге және осы саланың қазіргі тенденцияларымен танысуға мүмкіндік беретінін айтып өтті.
Қатысушыларға механизмдерді талдау мен синтездеуге арналған теориялық және практикалық сипаттағы сегіз тапсырма ұсынылды. Оларды орындауға төрт сағат берілді. Әр студент тапсырмаларды жеке орындады. Командалық нәтиже жеке қатысушылар ұпайларының жиынтығымен есептелді.
Олимпиадаға Қытай, Испания, Румыния, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан командалары қатысты. Қазақстан атынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Satbayev University, М.Әуезов атындағы ОҚУ және Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, SIOMMS-2025 соңғы жылдардағы ең кең ауқымды олимпиадалардың бірі болды.

Додада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы жүлделі 3-орынға ие болды. Команда құрамында «Механика» және «Робототехникалық жүйелер» мамандықтарының студенттері Елжас Есен, Нұрай Жақай және Дияр Бақтыбаев бақ сынады.
Механика және машинатану институты (ИММаш) атынан Амандық Ботай, Рамазан Налибек және Олег Кириллов қатысты.
Студенттерді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультеті Механика кафедрасының оқытушылары Б.Еспаев, Е.Савельев және Е.Темірбеков дайындады. Қатысушылар олардың кәсіби қолдауы мен жетекшілігінің үлкен рөл атқарғанын атап өтті.
Байқаудан бөлек, қатысушыларға Satbayev University зертханаларына экскурсия ұйымдастырылып, студенттер заманауи жабдықтар мен ғылыми жобалармен танысты. Жарыс қорытындыланғаннан кейін қонақтар Шымбұлақ тау кешеніне барып, Қазақстанның әсем табиғаты мен мәдениетімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.
Ұйымдастыру комитеті келесі олимпиада Қытайда, Шаньдун университетінің Вэйхай филиалында өтетінін хабарлады. Жақын уақытта іс-шараның ресми сайты іске қосылып, онда бағдарлама, қатысу шарттары және тіркеу туралы ақпарат жарияланатын болады.
SIOMMS-2025 халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және инженерлік білім беру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды алаң болып қала береді. Қазақстандық студенттердің қатысуы ел инженериясының болашағы үшін үлкен әлеует бар екенін айқын көрсетті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне команданы материалдық жағынан қолдап, олимпиаданың ұйымдастырушылық жарнасын толық қаржыландырғаны үшін ерекше алғыс білдіреміз. Университеттің мұндай қолдауы жас инженерлерге халықаралық деңгейде білімін шыңдауға мүмкіндік берді.
Сайыста үздік нәтиже көрсеткен біздің дарынды студенттерімізді шын жүректен құттықтаймыз. Жеңіс пен еңбектің жемісі құтты болсын!
Динара ТУРАЛИНА,
Механика кафедрасының меңгерушісі,
ассистент-профессор
Басқа жаңалықтар