«Хакім Абай мұрасы» атты дәріс өтті
2026 жылдың 26 қаңтар күні шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының «Аударма ісі» мамандығы 1 курс докторанты Ершат Ардақ «Хакім Абай мұрасы» атты рухани-танымдық дәріс өтті. Дәріске кафедра оқытушылары мен студенттері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – Хакім Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, оның философиялық ойлары арқылы жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу.
Дәріс барысында Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі білім, еңбек, әділет, адам болмысы жайлы ойлар талқыланды. Сонымен қатар Абай қара сөздерін қытай тіліне аудару кезінде кездесетін лингвистикалық және мәдени-танымдық ерекшеліктерге назар аударылды. ҚР Ұлттық орталық музейі қорындағы Абай мұрасына қатысты сирек қолжазбалар таныстырылды.
Дәріс мазмұнды өтіп, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Іс-шара жастардың рухани дамуына ықпал етіп, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырды.

Басқа жаңалықтар