Академик Сұлтан Төлеуханұлы «ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2025» байқауының жеңімпазы атандыFarabi University

Академик Сұлтан Төлеуханұлы «ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2025» байқауының жеңімпазы атанды

12 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтан Төлеуханұлы Төлеуханов «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Аталған байқау профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік және педагогикалық қызметтегі жетістіктерін бағалауға бағытталған. Бұл мәртебелі атақ пен грант С. Төлеухановтың жоғары білім мен ғылымды дамытуға қосқан көпжылдық еңбегінің нәтижесі болып табылады.

Сұлтан Төлеуханұлы еңбек жолын 1968 жылдан бүгінгі күнге дейінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де студент (1968-1973 жылдар), стажёр–зерттеуші (1973-1975 жылдар), аспирант (1975-1978 жылдар), кіші ғылыми қызметкер (1978-1982 жылдар), аға ғылыми қызметкер (1982-1983 жылдар), аға оқытушы (1983-1986 жылдар), доцент (1986-1999 жылдар), профессор (1999 жылдан бастап), деканның оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары (1989-1991 жылдар), Университеттің студенттер тәрбиелеу мәселесінің проректоры (1991-1993 жылдар), Биология және биотехнология проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының тұңғыш директоры (1993-2001), ҚазҰУ-нің ішіндегі Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу  орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру институтының директоры (2002-2010 жылдар), адам және жануарлар физиологиясы мен биофизика кафедрасының, сонымен жаңа биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі (1999-2020 жылдар), қазіргі жаңа биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының профессор-зерттеуші қызметтерінде аянбай еңбек етіп келеді. Ол – биофизика, хронобиология және биомедицина саласында отандық ғылыми мектептің негізін қалаушылардың бірі, биология және медицина бағытында іргелі зерттеулер жүргізіп келе жатқан көрнекті ғалым.

Ғалымның ғылыми еңбектері биофизика, биомедицина, хронобиология және хрономедицина салаларында кеңінен танылған. Оның жетекшілігімен жүзге жуық магистрлер, 12 ғылым кандидаты мен 8 философия докторлары (PhD) даярланды, халықаралық деңгейде жоғары импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақалалар жарияланды.

Сұлтан Төлеуханұлының ғылым мен жоғары білім саласындағы еңбектерінің нәтижесі университет, Республика деңгейінде бағаланып «ҚР Конституциясының 10 жылдығы» белгісімен (2005 ж.), «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік оқытушысы белгісімен (2008 ж.), екі мәрте «ҚР Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атағымен және медалімен (2008 ж., 2014 ж.) бес мәрте «Ғылым және техниканың дамуына зор үлесін қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясымен» (2007-2008 жж., 2008-2009 жж., 2011-2012 жж., 2014ж., 2020ж.) «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 75 жыл» медалімен (2009 ж.), «Ахмет Байтұрсынов атындағы» медалмен (2009 ж.), «ҚР Құрмет грамотасымен» (2009 ж.), «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен (2016 ж.), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен және атақпен (2019 ж.), «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерең еңбегі үшін» Күміс медалімен (2021 ж.), «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен (2022 ж.), «Құрмет» орденімен (2024 ж.) марапатталды.

Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының ұжымы Сұлтан Төлеуханұлын жоғары марапатымен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс және ғылым жолындағы жаңа жетістіктер тілейді.

 

Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасы