Көктемгі қабылдау докторанттары үшін бағдарлау апталығы өтуде. ТДМ 4
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көктемгі қабылдау докторанттары үшін бағдарлау апталығы өтуде. Аталған іс-шара жас зерттеушілерді жоғары ғылыми білікті кадрларды даярлаудың негізгі аспектілерімен, докторантураның нормативтік-құқықтық базасымен, халықаралық мүмкіндіктермен және академиялық әдеп қағидаттарымен таныстыруға бағытталған.
Бағдарлама аясында «ҚазҰУ докторантурасы: негізгі құжаттар, халықаралық мүмкіндіктер және академиялық ұтқырлық» тақырыбында физика-техникалық факультетінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары Пешая Светлана Леонидовна баяндама жасады. Өз сөзінде ол докторанттардың ғылыми қызметін ұйымдастыру, халықаралық білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларына қатысу, сондай-ақ жетекші халықаралық ғылыми дерекқорларда жарияланымдық белсенділіктің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Бағдарлау апталығының өткізілуі докторанттардың зерттеушілік қызмет бойынша тұрақты дағдыларын қалыптастыруға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаһандық академиялық қауымдастыққа кірігуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен, атап айтқанда ТДМ 4 – «Сапалы білім» мақсатымен тікелей үйлеседі.

Бағдарлау апталығы докторанттардың кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезең болып табылады және ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, университеттің ғылыми әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Басқа жаңалықтар