АТА ЗАҢ –БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМЫЗFarabi University

АТА ЗАҢ –БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМЫЗ

31 қаңтар, 2026

Бүгін мемлекетіміз үшін атаулы күн деп ойлаймыз. Жарты жыл бойы білікті де білгір заңгерлер мен депутаттардың атқарған орасан зор еңбегінің жемісі Ата заңға енгізілген ұсыныстар жарияланды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстан Конституциясының заңға енгізілген ұсыныстар бойынша әр азамат өз ойын ашық айтауына мүмкіндік берілді. Ата заңға енгізілген ұсыныстар барлық бөлімдер мен баптарды қамтыған.

Қазақстан Республикасының президенті Қ-Ж.К.Тоқаевтың : «Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламыз. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін"»,-деген ұлағатты ойын Конституциялық комиссия жоғары дәрежеде орындап шықты.

Аталған ұсыныстар Қазақстан президентін сайлау ережелеріне, Қазақстанның Халық Кеңесінің мәртебесіне, Қазақстан Республикасының Құрылтайы мен Қазақстан Республикасы Вице-Президентінінің құқықтарына, заңды неке, ана, әке мен бала , қоғамдық бірлестіктердің рөліне, діни ұйымдардың қызметіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен мемлекеттік рәміздердеріне, адам құқықтарына, әсіресе бас бостандығы құқығына, адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетi туралы тағы басқа бөлімдер мен баптарға өзгерістер енгізген. Бұл өзгерістер еліміздегі әр азаматтың әл-ауқатын дамытуға септігін тигізеді.

Ата заңдағы өзгерістерді әр азаматтың мұқият оқып шығуы керек. Өз құқығын білген адам болашақты да жоспарлай алады деген пікірдеміз. Жаңа ұсыныста сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледі. Біз сияқты оқытушыларға, ғалымдарға жақсы болатындығы сөзсіз. Білім саласын қамтыған 33- баптағы ұсыныстарға ерекше назар аударғанымыз дұрыс.

Қазақстан Конституциясының жаңа жобасындағы 23-бапта : «Сөз еркіндігі және ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс»,- деп айтылған. Қазіргі заманда ақпараттық құралдар арқылы таралып жатқан келеңсіз жағдайларға да тосқауыл болары да сөзсіз.

Қазақстан Конституциясының жаңа жобасындағы 92-баптағы : «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасы бойынша, Құрылтайдың, Үкіметтің, Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасы бойынша қабылдаған шешіммен өткізілетін жалпыхалықтық референдумда енгізіледі»,- деп нақты көрсетілуі халқымыздың болашаққа нық сеніммен қарауына мүмкіндік беретін шешуші қадам болатындығы сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің филология факультеті

шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының

қауымдастырылған профессоры

Қазыбек Гүлмира Құдайбергенқызы