ҚазҰУ жас ғалымдары «Taza Qala» платформасын іске қосты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары қаланың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында «Taza Qala» цифрлық платформасын әзірлеп шығарды. Ауқымды жобаны ҚазҰУ мен Алматы қалалық табиғатты қорғау прокуратурасы жүзеге асырды.
Аталған платформа қаланың тазалығына қатысты мәселелерді жинақтап, жүйелеуге және оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жауапты органдардың жұмысын үйлестіріп, қабылданған шаралардың нәтижесін қоғамға ашық түрде ұсынуға жағдай жасайды.

Платформаны ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің 2-курс магистранты Нұрлыхан Қалжанов әзірлеген. «Taza Qala» платформасын қаланың кез келген тұрғыны пайдалана алады.
«Қолданушылар заңсыз қоқыс орындарын немесе өзге де қоқыс үйінділерін суретке түсіріп, платформаның жүйесіне жүктейді. Жасанды интеллект көмегімен қоқыстың көлемі анықталып, тиісті қоқыс жинаушы компанияға жіберіледі. Қоқыс жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін компания атқарылған жұмыс жөніндегі есепті платформаға енгізеді. Кейін қалалық табиғатты қорғау прокуратурасы мен әкімшілік мамандары тиісті тексеріс жүргізе алады», – дейді Нұрлыхан Қалжанов.

Қала тұрғындары платформаға кез келген танымал браузерлер арқылы «Taza Qala» деп іздеу жүйесіне жазу немесе QR-код арқылы кіре алады. Болашақта платформаға арналған арнайы мобильді қосымша әзірлеу жоспарланған.
«Біздің ғылыми жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен тікелей үндеседі. Мұндай платформа Қазақстанда алғаш рет іске асырылып отыр. Алдағы уақытта жобаны еліміздің барлық өңірін қамтитындай кеңейту жоспарлануда. Қазіргі таңда платформа толыққанды жұмыс істеп тұр», – дейді ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов.

Университет ғалымдары әзірлеген цифрлық платформаны әкімшілік мамандарына таныстырып, жоба қалалық әкімдік тарапынан қолдауға ие болды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі