ҚазҰУ-да жаңа Конституцияның жобасы талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған академиялық тыңдау өтті. Іс-шара елдің құқықтық жүйесін жаңғырту мен конституциялық реформалау мәселелері бойынша ғылыми-сараптамалық диалогты дамыту аясында ұйымдастырылды.
Жиынға оқу ордасының басшылығы, қалалық полиция және прокуратура өкілдері, факультет декандары, заңгер-ғалымдар, оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Отырысты ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашты. Өз сөзінде проректор осы мақсаттағы академиялық тыңдаулар факультеттерде жиі өткізілетінін жеткізді.

«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жаңа Ата заңның жобасы әзірленді. Осы мақсатта 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бір аптаға жуық жұмыс жасаған комиссия жеке азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі талдады. Ашық қоғамдық талқылаулардың, жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде Ата заңның жаңа жобасы әзірленіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды», – деді проректор.

Шарада заң ғылымының докторы, профессор Дина Баймаханова, Жанар Кегембаева, доцент Жұмабек Тұмбай, саяси ғылымдар докторы, профессор м.а. Шәріпбек Әмірбеков, доцент Абай Дүйсенбаев баяндама жасап, Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарға тоқталды. Спикерлер құқықтық мемлекетті нығайту, адам құқықтарын қорғау, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өз пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара соңында қатысушылар конституциялық реформалардың ел дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, мұндай ғылыми алаңдар қоғамның құқықтық санасын арттыруға және азаматтық белсенділікті күшейтуге ықпал ететінін жеткізді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар