Қазақ даласының жауһарлары Германия төрінде: ҚазҰУ ғалымының зерттеулері
2026 жылдың 21-31 қаңтар аралығында философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға ғылыми қызметкері Жамашев Азамат Шутбаевич Германияның Берлин қаласында маңызды ғылыми іссапарда болды. Бұл сапар AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» атты іргелі жоба аясында жүзеге асырылды.
Іссапар мақсаты – Германиядағы архив, кітапхана базаларындағы қазақ еліне қатысты қолжазбаларды, қазақ даласынан шыққан ойшылдарға қатысты арабтілді дереккөздерді жан-жақты зерттеу. Іссапардың негізгі нысаны болған Staatsbibliothek zu Berlin (Берлин мемлекеттік кітапханасы) – Еуропадағы ең бай шығыс қолжазбаларының орталығы. ҚазҰУ зерттеушісі мұндағы 43 000-нан астам жәдігердің ішінен Орталық Азиялық ойшылдардың фиқһ, кәләм және логика саласындағы сирек туындыларын зерделеді. Әсіресе, Вильгельм Альвардттың 10 томдық каталогы негізінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде құнды деректердің электронды нұсқалары алынды.
Зерттеу барысында Германияның бірыңғай сандық порталы – Qalamos дерекқоры тиімді пайдаланылды. Бұл жүйе арқылы Германияның түкпір-түкпіріндегі кітапханаларда шашырап жатқан Қазақстан тарихына қатысты қолжазбалар терең зерттеу жасау үшін жинақталды. Осылайша, қазақ даласы ғалымдары шығармаларының ең көп үлесі Берлин мемлекеттік кітапхана мен Мюнхендегі Бавария мемлекеттік кітапханасында сақталған. Бұл кітапханалардың қолжазба қорларын сараптау арқылы ортағасырлық ойшылдардың ғылыми мұрасы жаңа қырынан ашылуда. Зерттеу нәтижелері жоба нәтижесінде жарық көретін монография құрамында қамтылады.
Германияның ауқымды шығыстану мектебі мен Қазақстанның заманауи ғылыми әлеуетінің тоғысуы – ұлттық тарихымызды әлемдік контексте ұлықтаудың жарқын үлгісі болмақ.

Жамашев Азамат Шутбаевич
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор