Мұқағали Мақатаев поэзиясы: ұлттық рух пен адам жанының көркем философиясы (Ақынның туғанына 95 жыл толуына орай)Farabi University

Мұқағали Мақатаев поэзиясы: ұлттық рух пен адам жанының көркем философиясы (Ақынның туғанына 95 жыл толуына орай)

2 ақпан, 2026

 

 

Қазақ әдебиетінің тарихында Мұқағали Мақатаевтың алатын орны айрықша. Ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуы – ұлттық руханият үшін маңызды мәдени-әдеби оқиға. Бұл мерейтой Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын тек еске алу деңгейінде ғана емес, оның поэзиясын ғылыми-әдеби тұрғыдан қайта зерделеп, қазіргі заманның рухани-мәдени контексінде пайымдауға мүмкіндік береді.

Мұқағали Мақатаев – ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясын мазмұндық әрі көркемдік тұрғыдан жаңа сапалық деңгейге көтерген көрнекті ақын. Оның шығармашылығы ұлттық поэзия дәстүрінің сабақтастығын сақтай отырып, поэтикалық ойлау жүйесінде жаңашыл сипатымен ерекшеленеді. Ақын өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің ішкі рухани әлемі, адам болмысының күрделілігі, уақыт пен тағдыр категориялары терең философиялық пайымдаулар арқылы көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, Мұқағали поэзиясының негізгі өзегі – адам және оның рухани болмысы.

Ақын лирикасына тән басты ерекшеліктердің бірі – шынайылық пен табиғилық. Мұқағали поэзияны жасанды пафостан арылтып, күнделікті өмір құбылыстарын терең көркемдік-эстетикалық деңгейге көтере білді. «Мен таулықпын», «Аққулар ұйықтағанда», «Фариза, Фаризажан» сияқты шығармалары ақынның дүниетанымын, көркемдік танымын және эстетикалық ұстанымын айқын танытады. Бұл туындыларда табиғат пен адам, жеке тағдыр мен қоғамдық болмыс өзара сабақтасып, тұтас көркемдік жүйе түзеді.

Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы философиялық ойлау жүйесі ерекше назар аудартады. Ақын өмірдің мәні, адам жауапкершілігі, уақыттың өткіншілігі сынды мәңгілік мәселелерді көтере отырып, экзистенциалдық ой-толғамдарды ұлттық дүниетаныммен органикалық байланыста береді. Оның өлеңдерінде адам жеке тұлға ретінде қоғамнан оқшау қарастырылмайды, керісінше, әлеуметтік орта мен қоғамдық жауапкершілік аясында пайымдалады. Осы тұрғыда Мұқағали поэзиясы көркем шығарма болумен қатар, рухани-этикалық бағдар қызметін де атқарады.

Сонымен бірге, Мұқағали Мақатаевтың тілдік шеберлігі – ғылыми талдауға лайық маңызды қырлардың бірі. Ақын қазақтың бай ауыз әдебиеті мен дәстүрлі поэтикалық құралдарын шығармашылықпен игере отырып, поэзия тілін жаңа мазмұнмен байытты. Қарапайым лексикалық бірліктер арқылы терең философиялық мағына беру, метафора мен символиканы ұлттық мәдени кодтармен ұштастыру – оның поэтикалық стиліне тән басты белгілер. Бұл ерекшеліктер Мұқағали жырларының оқырманға әсерлі әрі түсінікті болуын қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезеңде Мұқағали Мақатаев шығармашылығының тәрбиелік және танымдық маңызы да арта түсуде. Оның поэзиясы отансүйгіштікке, адамгершілікке, рухани тазалық пен азаматтық жауапкершілікке үндейді. Ақын мұрасын оқу мен ғылыми тұрғыдан талдау әдеби-эстетикалық талғамды қалыптастырып қана қоймайды, оқырманның азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал етеді. Мұқағали жырлары – ұлттық болмысты, ана тілі мен мәдениетті терең түсінудің көркемдік мектебі.

Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойы – ұлы ақынға тағзым етумен қатар, оның шығармашылық мұрасын ғылыми тұрғыдан жүйелі зерделеудің, поэзиясының қазіргі қоғамдағы рухани маңызын пайымдаудың өзекті кезеңі. Ақынның өзі айтқандай, «өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, өлеңі өлмейді». Шын мәнінде, Мұқағали поэзиясы ұлттық санамен біте қайнасқан, уақытпен бірге жасайтын мәңгілік көркемдік құндылық болып қала береді.

 

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының профессоры, филос. ғ. д. Н.Ж. Байтенова, 2 курс докторанты Ж.А. Байгараев