ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ – 17: СЕРІКТЕСТІК АЯСЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ТӘЖІРИБЕFarabi University

ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ – 17: СЕРІКТЕСТІК АЯСЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ТӘЖІРИБЕ

4 ақпан, 2026

2025 жылғы 15 қыркүйек пен 2026 жылғы 29 қаңтар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы «6В02207 – Шығыстану» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Ілияс Жания Талғатқызы, Кеңес Айғаным Ғабитқызы және Данилла Аружан Бауыржанқызы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркия Республикасының Денизли қаласында орналасқан Памуккале университетінде білім алып, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып қайтты.

Аталған академиялық ұтқырлық бағдарламасы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсаты – серіктестік арқылы тұрақты дамуға қол жеткізу қағидатын жүзеге асыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бағдарлама екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық байланысты нығайтып, халықаралық білім беру кеңістігіндегі өзара ынтымақтастықты дамытуға ықпал етті.

Студенттерді шетелдік оқу сапарынан кейін Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент м.а. Агнур Халел ханым жылы ықыласпен қарсы алып, болашақ шығыстанушы мамандардың академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы жинақтаған білім-білігі мен тәжірибесі олардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, алдағы ғылыми ізденіс пен  еңбек жолында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар студенттердің халықаралық білім кеңістігінде алған тәжірибесі олардың болашақта бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына негіз болатынын жеткізді.

Өз кезегінде болашақ түлектер Памуккале университетінде алған білімдері мен әсерлерімен бөлісіп, екі университет арасындағы академиялық серіктестіктің алдағы уақытта одан әрі нығая түсетініне сенім білдіріп, көрсетілген қолдау мен мүмкіндік үшін алғысын айтты.

Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасының негізгі мақсаты – түрік тілін тереңдетіп меңгеру, кәсіби білім деңгейін арттыру, сондай-ақ Түркияның бай мәдени-тарихи мұрасымен жан-жақты танысу болды. Студенттер қабылдаушы университетте бір академиялық семестр бойы жергілікті шәкірттермен бірге оқу пәндерін меңгеріп, оқу үдерісіне белсенді қатысу арқылы теориялық және практикалық білімдерін жетілдірді.

Оқу барысында студенттердің тілдік құзыреттілігі айтарлықтай артты. Сондай-ақ Памуккале университетінде ұйымдастырылған студенттік ұйымдардың қызметіне, мәдени және ғылыми іс-шараларға белсенді қатысуы түрік тілін күнделікті өмірде еркін қолдануға мүмкіндік берді. Түркияның тарихы мен мәдениетіне арналған дәрістер шығыстану саласындағы кәсіби танымды тереңдетуге ықпал етті.

Бағдарлама аясында әртүрлі елдерден келген шетелдік студенттермен орнатылған академиялық және мәдени байланыстар халықаралық ортада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, студенттердің дүниетанымын кеңейтті.

Памуккале университетіндегі оқу тәжірибесі студенттер үшін кәсіби дамудың маңызды кезеңі болып, халықаралық білім кеңістігінде жинақталған білім мен тәжірибе олардың болашақ мамандығы жолында зор маңызға ие болмақ. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттердің тілдік, мәдени және академиялық әлеуетін арттыруға бағытталған тиімді алаң екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

                       Әбілдаев Ж.А.

Кафедрасы меңгерушісінің оқу, әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, аға оқытушы

                          Қырқымбекова А. Кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы