Ректор ІІІ халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты — ҚазҰУ

Ректор ІІІ халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты

12 қараша 2026
Ректор ІІІ халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев III халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты. 

Шара 35-ке жуық елден келген 1000-нан астам жас ғалымды біріктірді. 

Конгрестің ашылу салтанатында ҚР вице-президенті Ерлан Қариннің құттықтау хаты оқылды. «Конституцияда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық басымдық ретінде бекітілді. Бұл мемлекеттің өсіп-өркендеуінің негізі екені айқын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытуға, еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға және жас зерттеушілерді қолдауға ерекше мән беріп келеді», – делінген құттықтауда. 

Өз кезегінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев алқалы жиынның басты мақсаты жас зерттеушілерге ортақ диалог алаңын қалыптастыру және отандық мамандардың шетелдік жетекші ғалымдармен ықпалдастығын арттыру екенін атап өтті.

«2025 жылғы мәлімет бойынша, елімізде ғалымдар саны 28 мыңнан асса, олардың жартысына жуығы, яғни 48 пайызы – жастар. Бұл жас ғалымдарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі», – деді ҰҒА президенті.

Сонымен қатар ҚазҰУ Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры, ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Қуаныш Тастамбек қазір ғылыми жобаларға бөлінетін гранттардың кемінде 30 пайызы жас ғалымдардың еншісінде екенін жеткізді. 

«Ұлттық ғылым академиясында алғаш рет Жас ғалымдар кеңесі 2024 жылы құрылды. Бұл – отандық ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас зерттеушілердің басын біріктіретін бірегей жоба», – деді Қуаныш Тастамбек. 

Жиында шетелдік ғалымдар мен жас зерттеушілер баяндама жасап, ғылыми инфрақұрылымды арттыру бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. 

Халықаралық шара барысында мектеп оқушылары мен жас ғалымдардың инновациялық және стартап жобалары қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды. 

Конгресс жұмысы ертең Алматы қаласындағы алты жоғары оқу орнында ұйымдастырылатын тақырыптық ғылыми конференциялармен жалғасады. Соның ішінде «Әлеуметтік жаңғыру және адами капитал: заманауи сын-қатерлер мен даму перспективалары» тақырыбындағы конференция ҚазҰУ базасында өтеді. Оған отандық және АҚШ, Ресей, Қырғыз Республикасының жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі