ТДМ №4: «Student Sky» медиа клубы мобилография бойынша мастер-класс өткіздіFarabi University

ТДМ №4: «Student Sky» медиа клубы мобилография бойынша мастер-класс өткізді

29 қаңтар, 2026

      Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы жанынан құрылған «Student Sky» медиа клубының ұйымдастыруымен «Медиа мектебі» танымдық жобасы аясында мобилография бойынша мастер-класс өтті.

   Шеберлік сабақты мобилография саласының тәжірибелі маманы Ғинаят Нұрсәт Нұрболатұлы жүргізді. Кездесу барысында спикер қатысушыларға смартфон арқылы сапалы фото және видео түсірудің негізгі қағидаларын, кадр құрастыруды, жарықпен жұмыс істеуді, дұрыс ракурс таңдау жолдарын, сондай-ақ қарапайым монтаж жасаудың тиімді тәсілдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

      Мастер-класс барысында қатысушылар мобилографияның заманауи трендтерімен танысып, әлеуметтік желілерге арналған контентті кәсіби деңгейде дайындау жолдарын үйренді. Сондай-ақ визуалды контент арқылы ойды жеткізу, аудиторияны тарту және креативті контент жасау маңыздылығы кеңінен қарастырылды.

     Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, практикалық тапсырмалар арқылы алған білімдерін бірден тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды. Бұл шеберлік сабағы жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, мобилография саласына деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізді.

        Аталған мастер-класс медиасалада кәсіби деңгейін жетілдіргісі келетін және креативті контент жасауда тәжірибе жинағысы келетін студенттер үшін үлкен тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

     «Student Sky» медиа клубы өз жобалары арқылы студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, цифрлық медиа саласында білімдерін жетілдіруге бағытталған іс-шараларды әрі қарай да ұйымдастыруды жоспарлап отыр.