Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының докторанты “Жыл жасы” сыйлығына ие болдыFarabi University
Референдум 15 марта

Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының докторанты “Жыл жасы” сыйлығына ие болды

10 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультеті Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының докторанты Елнұр Арифзаде Әзірбайжан Республикасының Жастар және спорт министрлігі тағайындаған беделді “Жыл жасы” сыйлығына ие болған жастардың қатарынан орын алды.

“Жыл жасы” сыйлығы жастар саясатын іске асыруға белсенді қатысатын, қоғамдық және халықаралық қызметімен, көшбасшылық қабілеттерімен, сондай-ақ үлгілі бастамаларымен ерекшеленетін жастарға табысталады. Бұл сыйлық жастардың қоғамның тұрақты дамуындағы маңызды рөлін ынталандыруды көздейді. 

Елнұр Арифзаденің аталған беделді марапатқа ие болуы оның тұрақты даму саласындағы ғылыми зерттеулерінің, халықаралық тәжірибесінің және жастармен жұмыс бағытындағы жүйелі әрі мақсатты қызметінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Марапаттау рәсімі кезінде сыйлықты Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрі Фарид Гайибов табыс етті.


Элнұрдың қызметі Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты Даму Мақсаттарымен (ТДМ) тікелей байланысты. Атап айтқанда, ол ТДМ 4 - Сапалы Білім беру бағытында бейресми білім беруді дамыту саласында белсенді жұмыс атқарды және Әзірбайжандағы тренерлерге арналған «Бейресми емес білім беру бойынша тренерге арналған нұсқаулықтың» бірлескен авторы болды. Бұл қызмет жастардың білімі мен дағдыларын арттыруға, инклюзивті және тұрақты білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етеді. Осыған байланысты ол Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында және Бельгиядағы Еуропалық Парламентте ұйымдастырылған халықаралық іс-шараларға қатысу арқылы білім беруді дамыту және жастардың рөлін күшейту бойынша жаһандық талқылауларға белсенді қатысты. 

Сонымен қатар, оның ғылыми және қоғамдық қызметі ТДМ 13 - Климаттың өзгеруіне қарсы күрес мақсатын қамтиды. Осыған байланысты Элнұр Арифзаде Жапонияда өткен климаттың өзгеруі және биоәртүрлілік бойынша халықаралық жастар конференциясына қатысып, жаһандық экологиялық мәселелерді талқылауға және халықаралық ғылыми диалогты дамытуға үлес қосты.
Қазіргі уақытта Элнур Арифзаде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЮНЕСКО-ның тұрақты даму кафедрасында профессор Ерлан Досжановтың академиялық жетекшілігімен экология саласындағы ғылыми зерттеулерін жалғастыруда, ал оның шетелдік жетекшісі - Гонконг қалалық университетінің профессоры Цзинь Шан.