АКАДЕМИК ЖОЛДАСБЕКОВКЕ 95 ЖЫЛ.Farabi University

АКАДЕМИК ЖОЛДАСБЕКОВКЕ 95 ЖЫЛ.

11 ақпан, 2026
ТДМ-4 Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірбек Жолдасбековке 95 жыл. Ғазиз ғұмырында арыстандай арпалысып өткен ел ағасының мерейжылына орай "Академик Өмірбек Жолдасбеков. Өмірі. Қызметі. Тағдыры" кітабының тұсауы кесілді. Авторы: жазушы, журналист Көлбай Адырбекұлы. Кітап тұсаукесеріне орай өткен ғылыми-практикалық дөңгелек үстелді филология ғылымдарының докторы, академик Қансейіт Абдезұлы жүргізіп отырды.
Кітап алғысөзі мемлекет және қоғам қайраткері Жаксыбек Кулекеевтың алғысөзімен ашылған. Өз сөзінде ол қайраткер тұлғаның отандық білім мен ғылым саласына қосқан орасан үлесі, адамгершілік мінезі, қайраткерлік болмысы туралы жан-жақты айтады.
Кітапта XX ғасырдың 70- жылдардан бастап, ұлттық ғылымның дамуына зор үлес қосқан, Мемлекет және қоғам қайраткері академик Өмірбек Жолдасбековтың 1971 жылы қолға алған университет қалашығын салудағы жанкешті еңбегі, 1986-1989 жылдар аралығындағы Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Г.Колбин мен ОК-тің өзге де хатшыларымен әлеуметтік әділдік үшін саяси күресі, сын сағаттардағы қайтпас қайсарлығы, шырғалаңға түскен тағдыр-талайы еш жерде жарияланбаған Республикалық архив материалдарының деректері бойынша баяндалған.
Академикке қатысы болған тұлғалар туралы да кең мәліметтер берілген. Сондай-ақ Тәуелсіздік жылдар басында Инженерлік академияны құрып, оның ғылыми жұмысын аз жылдың ішінде әлемдік деңгейге көтергені, Қазақстан Парламентінің депутаты ретінде елдің өміріне белсене араласып, ұлттық мүддені қорғағаны жайындағы жаңа архивтік деректер оқырмандар назарына ұсынылған.