«Таза Қазақстан» ел беделін арттырадыFarabi University

«Таза Қазақстан» ел беделін арттырады

14 ақпан, 2026

Осындай атаумен №6 Студенттер үйінің тұрғындарымен кездесу өтті. Онда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы ұлт жадында сақталған экологиялық танымды қайта жаңғыртып, жаңа сипат беріп отырғаны айтылды. Осынау бастамаға үн қосу, қолдау, қоршаған ортаны қорғау бүгінгі ұрпақтың туған жер мен ел алдындағы перзенттік парызы деп білеміз. Бұл бастама – Қазақстанымыздың көркем келбетін жаңартатын, азаматтардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеретін, тіпті халқымыздың өмір салтын оңға өзгертетін, мінез-құлқы мен ой-өрісіне игі ықпал ететін жүйелі өзгеріс. 

«Таза Қазақстан» еліміздің әлемдегі халықаралық беделін арттыруға да оң әсер етеді. Ол жер-жаһанға Қазақстан халқының табиғатқа жанашырлығын, жақсылыққа бейім-бейіл тұратынын, жүрегі  кең, пейілі  ақ, ниеті  таза екенін паш етеді. Тіпті, бір қарағанда ұсақ-түйек көрінер жайт: әлемнің түрлі еліндегі әр алуан спорт сайысынан соң қазақ жанкүйерлерінің стадионның, спорт кешенінің өзі отырған бөлігін тазалап, қоқысты жинап алып кететіні бірнеше рет шетелдік әлеуметтік желілерде резонанс тудырып, өзгені тәнті еткені бар. 

Мұндай жайттар мейірімділік, қам­қорлық, тазалық пен ізгілікке тілеулес­тік – біздің ұлттық ерекшелігіміз екенін көрсетеді. Осы игілікті құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына берік сіңіруде «Таза Қазақстан» бастамасы үлкен рөл атқарады.

Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Әрине – бұл қуантарлық жағдай.

Тазалық – қазақ үшін киелі сөз. Ар-ұжданы таза адам ардың ала жібін аттамайды, отбасына да, Отанына да опасыздық жасамайды. «Қазақстан – ортақ үйіміз!» деп үнемі айтамыз. Олай болса, еліміз, яғни ортақ шаңырағымыз таза, тартымды, жайлы болуы керек. Бұл үшін тазалық әр үйден, әр ауладан басталуы керек. Осы айтылған сөздердің астарында тұнған темірқазықтай қастерлі құндылықтарды, жазылмаған заңдылықтарды ұрпаққа өнеге, өсиет етіп, өзі тағылымды тәрбие, ұлағатты үлгі көрсетіп жүрген аға буын ұстаздарға мың алғыс. Олар университет қабырғасында өткізілетін сенбіліктер кезінде оқу ғимараты ауласы мен көшені тазалауға, көшет егуге тұрақты қатысып, көзге түсіп жүр.

Президентіміз Қ.-Ж.К.Тоқаев: “Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы” – дейді.

Ғаламтор үстемдік еткен қазіргі заманның жастарын еңбекке баулу, тазалыққа үйрету маңызды, әйтпесе, оларды жалқаулық басып кетеді. «Таза Қа­зақ­стан» – шынайы отаншыл­дықтың көрінісі. Мәдениеті жоғары қоғамның табиғаты да, таным-түсінігі де таза болары анық.

Таза Қазақстан – қоғамды, әсіресе жас буынды тазалық мәдениетіне баулуды, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарап, қалалық мүлікті қорғауға қатысты нық көзқарас қалыптастырады. «Таза Қазақстанның» басты қозғаушы күші – халық. Яғни, ол бүгінде ұлтымыздың келешек рухани болмысын биік өркениетті дәрежеге көтеретін тұтас елдің жүйелі идеологиялық ұстанымына айналды. Сонда әлем «қазақ», «Қазақстан» дегенде алдымен тазалықты, табиғи үйлесімділікті және адамгершілік тәлім-ұлағатты өмірлік құндылық еткен әсем елді елестететін болады. «Таза Қазақстан» – ендігі өміріміздің салтына айналуы қажет!

 

 
Болат Абенов

Механика - математика факультеті деканының әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары