ҚазҰУ БҰҰ Альянс өркениеті VII Бас форумына қатысты

6 мамыр, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы «Инклюзивті қоғамдарда қатар өмір сүру: талап және мақсат» тақырыбында өткен БҰҰ Альянс өркениеті VII Бас форумға қатысу үшін жуырда Баку қаласына барып қайтты.

 Форум жұмысына әлемнің 146 елінен 2 мыңға жуық адам қатысты. Қазақстан делегациясы атынан ҚР Сенат парламентінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы атынан университет ректоры Ғ.Мұтанов бастап барды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ Альянс өркениетінің қолдауымен «Әл-Фараби – өркениет философы» секциясының ұйымдастырушысы болған жалғыз жоғары оқу орны болды.

Секция жұмысына Түрік ұлттық Альянс өркениеті үйлестіруші кеңесінің төрағасы, Түркия елінің премьер-министрдің бас кеңесшісі Бекір Қарлыға, қазақ ақыны және қоғамдық-саяси қайраткер Олжас Сүлейменов, саясатшылар, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының «Әл-Фараби және өркениет дамуы» атты баяндамасы форумға қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.

ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановқа Азербайджан Ұлттық ғылымдар академиясының алтын төсбелгісімен марапатталды, Азербайджан Ұлттық ғылым академиясының Низами атындағы әдебиет институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында ынтымақтастық, сонымен қатар, 2016 Әл-Фарабиге  арналған секцияның ашылуына қатысу туралы келісім жасалынды.