Тұрақты даму мақсаттары аясындағы халықаралық ынтымақтастық: ERASMUS+ бағдарламасы бойынша консорциум отырысы өттіFarabi University

Тұрақты даму мақсаттары аясындағы халықаралық ынтымақтастық: ERASMUS+ бағдарламасы бойынша консорциум отырысы өтті

16 ақпан, 2026

Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің Компьютерлік ғылымдар және ақпараттық жүйелер кафедрасының ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) аясындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған онлайн-воркшоп және консорциумның жұмыс кездесуі өткізілді. Іс-шара Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде әзірленіп жатқан болашақ жобаны талқылауға арналды.

Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Малайзия және Германия мемлекеттерінің серіктес жоғары оқу орындары мен ұйымдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында жобаның стратегиялық бағыттары, мақсаттары мен міндеттері, күтілетін нәтижелері және іске асыру кезеңдері жан-жақты қарастырылды.

Талқылау аясында білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру, жасанды интеллект және деректер ғылымы бағытында бірлескен білім беру модульдерін әзірлеу, академиялық ұтқырлықты кеңейту, цифрлық білім беру ресурстарын ортақ пайдалану, сондай-ақ ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын нығайту мәселелері көтерілді.

Қатысушылар ТДМ қағидаттарына сәйкес сапалы білім беруді қамтамасыз ету, цифрлық теңсіздікті төмендету және тұрақты инновациялық білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жобаны басқару құрылымы, серіктестер арасындағы жауапкершілікті бөлу, қаржыландыру және мониторинг тетіктері айқындалды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобалық өтінімді бірлесіп әзірлеу, жұмыс топтарын құру және алдағы кезеңге арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы келісімге келді. Аталған бастама халықаралық серіктестікті нығайтып, білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, сондай-ақ университеттің жаһандық білім беру кеңістігіндегі позициясын күшейтуге ықпал етеді.