Механика-математика факультетінде осы тақырыпта семинар өтті. Семинарды маиематика кафедрасының куратор-эдвайзері Данагүл Мутигуллаева мен деканның орынбасары Болат Әбенов жүргізді.
Қасиетті қара жер мен табиғатты Анаға теңеген қазақ халқы үшін аққан суға, жүгірген аң-құсқа қиянат жасамау, жайқалған көкті отамау ежелден келе жатқан экологиялық сана еді. Ұлт жадында сақталған экологиялық танымды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы қайта жаңғыртып, жаңа сипат берген жайы бар. Осылайша, Президент ауасы саумал, құрағы кілем жазира даланы, ақбас таулар мен сулы-нулы өлкені болашақ ұрпаққа саф күйінде қалдырудың заманауи миссиясын бастады. Ал осынау бастамаға үн қосу, қолдау, қоршаған ортаны қорғау бүгінгі ұрпақтың туған жер алдындағы перзенттік парызы болса керек.
«Таза Қазақстан» – еліміздің көркем келбетін жаңартатын, азаматтардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеретін, тіпті халқымыздың өмір салтын оңға өзгертетін, мінез-құлқы мен ой-өрісіне игі ықпал ететін жүйелі өзгеріс.
«Таза Қазақстан» жер-жаһанға Қазақстан халқының табиғатқа жанашырлығын, жақсылыққа бейім-бейіл тұратынын, жүрегі кең, пейілі ақ, ниеті таза екенін паш етеді. Мұндай жайттар мейірімділік, қамқорлық, тазалық пен ізгілікке тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз екенін көрсетеді. Осы игілікті құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына берік сіңіруде «Таза Қазақстан» бастамасы үлкен рөл атқарады. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліндегі сөзінде ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші екенін нықтады. Тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатыр. Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – біркүндік акция емес, ендігі өміріміздің салты.
Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» елімізде волонтерлікке тың серпін берді. Ал ерікті болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат, патриот болу деген сөз. Мемлекет басшысы осы бастама аясында кәсіпорындар мен кәсіпкерлер экологияны жақсартуға зор үлес қосып жатқанын жақсыға жорыды. Президент «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, су көздері тазартылғанын да тілге тиек етті.
«Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» акциясы жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді. Осы шара шеңберінде елде небәрі үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабын толтырды. Айналаны жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Ал тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі.
Мұның сыртында, бастама аясында экологиялық ағарту ісіне айрықша көңіл бөлінеді. Қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу сияқты аса маңызды мәселелерге мән беріледі, бұл қоғамның қалыпты қағидатына айналады. Мемлекет басшысы мұны да «Таза Қазақстанның» негізгі бағыттарының бірі деп атады.
Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Бұл, әрине қуантпай қоймайды. Кезінде «Азия жолбарыстары» атанған Сингапур, Оңтүстік Корея, Индонезия және басқа да ел өркениет өрісінде өркендеуді экологиялық тазалықпен үйлесімде өрбіткені айқын. Яғни, Табиғат-Анамызға жанашырлық танытсақ, оның да алпыс екі тамыры иіп, баласына – қазақ еліне жол ашады, өрлеу бағытына шуақты нұрын төгеді. «Бәріміз Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді. Мұның бәрі Қазақстанды жайлы әрі өмір сүруге қауіпсіз аумаққа айналдыруға бағытталған күш-жігер нәтижесі. Қастерлі Отанымызды көркейту – баршаға ортақ парыз! Жұмыс үздіксіз жалғаса береді! Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек, – деді Қ.Тоқаев.
Тазалық – қазақ үшін киелі сөз. Ар-ұжданы таза адам ардың ала жібін аттамайды, отбасына да, Отанына да опасыздық жасамайды. «Қазақстан – ортақ үйіміз!» деп үнемі айтамыз. Олай болса, еліміз, яғни ортақ шаңырағымыз таза, тартымды, жайлы болуы керек. Бұл үшін тазалық әр үйден, әр ауладан басталуы керек. Осы айтылған сөздердің астарында тұнған темірқазықтай қастерлі құндылықтарды, жазылмаған заңдылықтарды ұрпаққа өнеге, өсиет етіп, өзі тағылымды тәрбие, ұлағатты үлгі көрсетіп жүрген аға буын өкілдері. Ғаламтор үстемдік еткен қазіргі заманның жасын еңбекке баулу, тазалыққа үйрету маңызды.
«Таза Қазақстан», бұл – шынайы отаншылдықтың көрінісі. Жалпы, тазалық пен мәдениет – егіз ұғым. Мәдениеті жоғары қоғамның табиғаты да, таным-түсінігі де таза болары анық. Бұл тұрғыда «Таза Қазақстан» ұлттық болмысымызды өркениет пен заманға сай жаңғыртуға, ұлт санасын түлетуге, сол арқылы бойында бұйығы жатқан пассионарлық қуатын, жасампаздық жігерін оятуға қозғау салады. Жастарымыздың кішкене кезінен жасампаз, жанашыр, жаңашыл, еңбекқор болып өскені абзал. Сонда біз Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Өркениетті әрі Берекелі мемлекет боламыз. Сондықтан да Президент айтқандай, тарихи терең мағынасы бар бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Болат ӘБЕНОВ,
Механика-математика факультеті деканының
әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Басқа жаңалықтар