Түркі әлемінің рухани тұтастығы: ғылым, мұра және жастар үні
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Академик Ә.Т. Қайдар атындағы Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы орталығында «Түркі әлемінің тұрақты дамуы: мәдени мұра, білім және жастардың рөлі» атты интерактивті семинар өтті. Ғылыми басқосу оқытушыларды, зерттеушілерді, студенттер мен шетелдік қонақтарды ортақ ғылыми алаңға тоғыстырды.
Семинарды профессор Р.А. Авакова ашып, орталықтың стратегиялық бағыттары мен түркітану ғылымының даму перспективасын айқындады. Профессор А. Тилвалды көне түркі жазуынан араб графикасына көшу үдерісін тарихи-лингвистикалық тұрғыдан саралап, оның өркениеттік маңызын атап өтті. Сонымен қатар жиын барысында сөз алған бірқатар профессорлар түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын кешенді зерттеу, архивтік деректерді цифрландыру және жас ғалымдарды қолдау – бүгінгі күннің басым бағыты екенін ортақ пікірмен жеткізді. «Turk Tengri» түркі руникалық жазуын, мәдениеті мен тарихын зерттеу және насихаттау жөніндегі қоғамдық қорының президенті Еспенбетов Е. Көне түркі руникалық әліппе туралы баяндама жасады. Ол руна жазуының құрылымын, тарихи маңызын және бірегейлігін жан-жақты түсіндіріп, ұлттық бірегейліктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде руникалық жазуды тереңірек зерттеу және ғылыми-мәдени кеңістікте қайта жаңғырту қажеттігі туралы пікір білдірді.
Түркітану мамандығының докторанттары мен студенттері Авалиева А., Ерен А. М., Табанова Е. Ж., Қожакелдиева З. Р. Және Кес-оглы А. А. — ғылыми жобаларын таныстырып, түркі мұрасын заманауи технологиялар арқылы насихаттаудың нақты үлгілерін көрсетті.
Құрметті қонақ, Саха Республикасының Мемлекеттік Жиналысы (Ил Тумэн) депутаты Александр Иванов Саха мәдениеті мен тілінің Қазақстанда жүйелі түрде зерттеліп жатқанына ерекше ілтипат білдіріп, бұл бағыттағы ғылыми ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін айтты. Ол саха жерінде қазақстандық ғалымдар мен студенттерді әрдайым қуана қарсы алатынын атап өтті. Сонымен қатар ол профессор Раушан Амирдиновна Авакованы марапаттап, естелік сыйлық табыстады.
Семинар «Адай» және «Ер Тұран» күйлерінің орындалуымен түйінделіп, түркі халықтарының рухани тұтастығы мен ғылыми серіктестігінің жарқын көрінісіне айналды.
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының
аға оқытушысы Дәулет А.У.
Басқа жаңалықтар