Академиялық ортадағы өзара байланыс: кафедра және білім алушылар кездесуі
09.02.2026 жылы сағат 11.00-де Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасында ағылшын тілінде білім алатын докторанттар мен магистранттармен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге «Педагогика және психология», «Педагогика. Білім берудегі менеджмент», «Әлеуметтік педагогика» білім беру бағдарламаларының докторанттары және «Білім беру менеджменті» білім беру бағдарламасының магистранттары қатысты.
Іс-шараға кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Алғожаева Нұрсулу Сейткеримовна жетекшілік етті. Сонымен қатар кафедраның оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Құдайбергенова А.М., ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары Мурзагулова М.Д. және топ эдвайзері Шакирова А.Д. қатысты.
Кездесу барысында білім алушыларға оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелері, академиялық саясат талаптары, ғылыми-зерттеу жұмыстарының ерекшеліктері және университеттің ішкі тәртіп ережелері кеңінен түсіндірілді. Академиялық адалдық қағидаттары, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру талаптары мен білім алушылардың мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық әрі нақты жауаптар алды. Аталған іс-шара Тұрақты даму мақсаттарына (әсіресе 4-мақсат – «Сапалы білім беру») сәйкес ұйымдастырылып, сапалы әрі қолжетімді білім беруді қамтамасыз етуге, академиялық мәдениетті нығайтуға және білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталды.
Мұндай кездесулер білім алушылар мен кафедра арасындағы байланысты нығайтып, академиялық ортада өзара түсіністік пен тиімді ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді.
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы
Басқа жаңалықтар