Этика, білім және индустрия: полиграфияның тұрақты дамуының стратегиясыFarabi University

Этика, білім және индустрия: полиграфияның тұрақты дамуының стратегиясы

19 ақпан, 2026

2026 жылғы 16 ақпанда баспа-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушылары «Полиграфиядағы жасанды интеллекттің этикасы мен болашағы» атты республикалық дөңгелек үстел-семинарында сарапшы-спикерлер ретінде сөз сөйледі. Іс-шараны Принтмедиа технологиялар колледжі ұйымдастырды. Талқылауға колледж басшылығы, жоғары оқу орындарының өкілдері, жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестер, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері, студенттер қатысты.

Іс-шараны колледж директоры Абдуллаева Г.А. ашып, кадр даярлау үдерістеріне, сондай-ақ идеядан бастап таралымға дейінгі баспа ісі мен полиграфия технологияларына жасанды интеллектті енгізу жағдайында жоғары оқу орындары, білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Біздің университет тарапынан жасанды интеллекттің ықпалымен кәсіби білім беру моделінің трансформациясы (Тлепберген А.М.), жасанды интеллекттегі мәдени кодты сақтау (Мукатаева К.М.), баспа ісі мен полиграфиядағы этикалық және құқықтық аспектілер (Мухамадиева Л.И.), Қазақстанның медиаиндустриясы үшін кадр даярлау: жасанды интеллектпен жұмыс істеу кезіндегі құзыреттер (Арғынбаева М.Х.) тақырыптарында мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Сарапшылардың пікірінше, болашақ – симбиозда: жасанды интеллект «қара жұмысты» және қайталанатын міндеттерді атқарады, ал автор, редактор, корректор, дизайнер-полиграфист идея мен сапаға жауап беретін шығармашылық иелері болып қала береді. Баспа ісі мен полиграфиядағы жасанды интеллект –  үдерістерді жеделдетуге және шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтуге арналған қуатты құрал. Дегенмен, бұл адамды алмастырмайтын, керісінше одан жаңа дағдылар мен саналы көзқарасты талап ететін құрал ғана.

Дөңгелек үстелге қатысушылар өз бақылауларымен және тәжірибелік кейстерімен бөлісіп, баспа ісі мен полиграфияға жасанды интеллектті енгізу мысалдарын талқылады, этикалық және әлеуметтік аспектілерді, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін қарастырды. Семинар тәжірибе алмасу мен ұзақ мерзімді байланыстар орнатуға арналған алаңға айналды. Бұл – цифрлық трансформация және баспа ісі мен полиграфияның тұрақты дамуы жағдайындағы университет пен өндіріс экожүйесі аясындағы стратегиялық серіктестіктің тағы бір қадамы.